«Ұлылар елі» байқауы: Семейде патриоттық әндер байқауының жеңімпаздары марапатталды
«Ұлылар елі» республикалық байқауына 64 автордан 88 шығарма келіп түсіп, оның 16-сы гала-концертте орындалды.
Семейде Республика күніне орай «Ұлылар елі» республикалық патриоттық әндер байқауының қорытынды гала-концерті өтті. Байқаудың бас жүлдесін Қуандық Рахым орындаған «Ұлылар елі» әні жеңіп алды. Жеңімпазға 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Байқаудың қорытынды концертіне Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Жоба Абай облысының тарихи-мәдени мұрасын, киелі мекендерін, табиғаты мен рухани құндылықтарын музыка арқылы дәріптеуге бағытталған. Сондай-ақ байқау туған жер тақырыбындағы жаңа әндерді дүниеге әкеліп, талантты композиторлар мен ақындарды қолдауды көздейді.
Берік Уәлидің айтуынша, байқауға 64 автордан 88 музыкалық шығарма келіп түскен. Оның ішінде іріктеуден өткен 16 ән қорытынды гала-концертте орындалды.

«Байқаудың ең үлкен жетістігі – 64 автордан 88 шығарманың келіп түсуі ғана емес, сол туындылардың арасынан халықпен бірге жасайтын әндердің дүниеге келуі. Байқау бір күндік шарамен шектелмейді, ол композиторлар мен ақындарға жаңа мүмкіндік беріп, әншілеріміздің репертуарын байытады», – деді облыс әкімі.
Оның сөзінше, авторлық құқық сақтала отырып, жаңа туындыларды Абай облысының өнерпаздары орындап, ел ішінде кеңінен таратуға мүмкіндік беріледі.

Байқау қорытындысы бойынша «ETHNO ARLAN», «ДОС» дуэті, «Элит» тобы, Медғат Әділбек, Мәди Мадияров, Мәди Ахметқожа және Ұшқын Жамалбек лауреат атанды.
«Киелі Абай елі» бағыты бойынша «Туған ел сенен айналдым» әнін орындаған Клара Төленбаева мен Айгерім Тілеубек бірінші орын иеленді. Әннің авторы – Медет Салықов, сөзін жазған – Серікзат Дүйсенғазы.
«Тренд әуен» бағыты бойынша бірінші орын Ұшқын Жамалбекке бұйырды. Әннің сөзін Қазірет Бердіхан жазған.
Бас жүлдені жеңіп алған «Ұлылар елі» әнінің сөзін Нұржан Өмірбай, әнін Жарасхан Төлебай жазған. Шығарманы Қуандық Рахым орындады.

Лауреаттарға 1,5 миллион теңгеден, бірінші орын иегерлеріне 3 миллион теңгеден, ал бас жүлде иегеріне 5 миллион теңгенің сертификаты берілді.
Айта кетейік, байқауды өткізу туралы бастаманы облыс әкімі биыл 9 ақпанда Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай ақын-жазушылармен өткен кездесуде көтерген болатын. Жобаға еліміздің әр өңірінен авторлар қатысып, Атырау, Алматы, Астана, Қызылорда және басқа да аймақтардан музыкалық шығармалар жолданды.