Қазақстанда 26 қазанға дауылды ескерту жарияланды: үсік 11 градусқа дейін жетеді
26 қазанда бірқатар өңірде қатты жел соғып, тұман түседі, ал кей жерлерде шаңды дауыл мен көктайғақ болады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның 15 облысында, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларында 26 қазанға дауылды ескерту жарияланды. Бірқатар өңірде қатты жел, тұман, шаңды дауыл және көктайғақ күтіледі. Кей жерлерде түнгі үсік 11 градусқа дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК жазды.
Атырау және Маңғыстау облыстары
Атырау облысының батысы мен оңтүстігінде күндіз шаңды дауыл соғуы ықтимал. Шығыс және оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні өңірдің батысында секундына 15–20 метрге жетеді. Облыс аумағында, соның ішінде Атырау қаласында да өрт шығу қаупі төтенше деңгейде сақталады.
Маңғыстау облысының оңтүстігі мен орталығында күндіз шығыс және оңтүстік-шығыс бағыттағы жел күшейіп, екпіні секундына 15–20 метрге жетуі мүмкін. Өңірдің басым бөлігінде өрт қаупі жоғары болса, орталық аудандарда төтенше деңгейде болады. Ақтауда да өрт қаупі жоғары деп болжанып отыр.
Алматы облысы, Алматы және Қонаев қалалары
Алматы облысының шығысы мен таулы аудандарында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 17–22 метрге жетеді. Түнде облыс аумағында 2–7 градус үсік жүруі мүмкін. Өңірдің батысы, оңтүстігі мен шығысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Алматы мен Қонаев қалаларында түнде 2–4 градус үсік күтіледі. Екі қалада да өрт қаупі жоғары болады. Алматының Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөліктері мен Іле Алатауында солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 17–22 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Батыс Қазақстан облысы
Облыстың солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Өңірдің солтүстік-батысы, батысы, оңтүстігі мен шығысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Орал қаласында да түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.
Түркістан облысы және Шымкент
Түркістан облысының солтүстігінде күндіз шаңды дауыл соғуы мүмкін. Өңірдің батысы, солтүстігі, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Облыстың солтүстігі мен батысында түнде 1–3 градус үсік жүруі ықтимал. Солтүстік, батыс және орталық аудандарда, сондай-ақ тау бөктерінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Шымкентте солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік күтіледі. Қалада өрт қаупі жоғары деңгейде болады.
Түркістан қаласында да солтүстік-шығыс желі секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Түнде 1–3 градус үсік жүріп, өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Жамбыл облысы
Облыстың таулы аудандарында тұман түседі. Оңтүстік-батысы, солтүстік-шығысы мен таулы өңірлерде солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде жел екпіні секундына 25 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Өңір аумағында түнде 3–8 градус үсік күтіледі. Солтүстік және оңтүстік аудандарда өрт қаупі жоғары деңгейде сақталса, шығысында осындай қауіп болжанып отыр. Таразда түнде 6–8 градус аяз болады.
Жетісу облысы
Облыстың таулы аудандарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Алакөл көлдері маңында солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге, кей уақытта 23–28 метрге дейін жетеді.
Түнде 2–7 градус үсік жүреді. Облыстың орталық бөлігінде ауа температурасы 11 градусқа дейін төмендеуі мүмкін. Шығысында өрт қаупі төтенше деңгейде, оңтүстігінде жоғары деңгейде сақталады. Талдықорғанда түнде 9–11 градус үсік күтіледі.
Ақтөбе және Қызылорда облыстары
Ақтөбе облысының шығысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Ал батысы, оңтүстігі мен орталығында өрт қаупі төтенше деңгейде болады.
Қызылорда облысының орталығы, оңтүстігі мен солтүстігінде күндіз шаңды дауыл соғуы ықтимал. Солтүстік-шығыс және шығыс бағыттағы желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде облыстың солтүстігі мен орталығында 3 градусқа дейін үсік күтіледі.
Өңір аумағында өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады, солтүстігінде жоғары деңгейде болады. Қызылорда қаласында күндіз шаңды дауыл соғып, солтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15 метрге дейін жетуі мүмкін. Түнде 1–3 градус үсік күтіледі. Қалада өрт қаупі төтенше деңгейде болады.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстары
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігі, шығысы мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз өңірдің оңтүстік-шығысында шығыс және оңтүстік-шығыс желі күшейіп, екпіні секундына 15–20 метрге жетуі ықтимал.
Абай облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Күндіз облыстың оңтүстік-батысы мен орталығында оңтүстік-шығыс желінің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары
Солтүстік Қазақстан облысының шығысында түнде жаңбыр мен қар түрінде аздаған жауын-шашын түсіп, көктайғақ болуы мүмкін. Өңірдің батысы, солтүстігі мен оңтүстігінде тұман күтіледі. Петропавлда да түнде және таңертең тұман түседі.
Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын болып, көктайғақ қалыптасуы ықтимал. Облыстың солтүстігі мен орталығында тұман күтіледі. Павлодар қаласында да 26 қазанда тұман болуы мүмкін.
Қарағанды, Ұлытау және Қостанай облыстары
Қарағанды облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Өңірдің батысында өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады.
Ұлытау облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман күтіледі. Облыстың батысы мен орталығында, сондай-ақ Жезқазған қаласында өрт қаупі төтенше деңгейде болады.
Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Өңірдің оңтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Материал авторы