Маңғыстауда жасөспірім әкесінің көлігін трансформаторға соғып, ауылды жарықсыз қалдырды
Жасөспірімнің анасы жарық өшкені үшін кешірім сұрады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысындағы Теңге ауылында жасөспірім ата-анасының рұқсатынсыз Toyota 4Runner көлігін айдап шығып, трансформаторға соғылған. Салдарынан электр жабдығы зақымданып, ауыл жарықсыз қалды. Бұл туралы Lada.kz сайты жазды.
Жаңаөзен қалалық Полиция басқармасының мәліметінше, оқиға 23 қазан күні кешке болған. Кәмелетке толмаған жасөспірім көлікті өз бетінше алып, трансформаторға соғылған. Соқтығысу салдарынан электр жабдығы істен шығып, елді мекенде жарық өшкен.
Оқиғадан кейін жасөспірімнің анасы ауыл тұрғындарынан кешірім сұрады.
«Кәмелетке толмаған ұлым көлікті рұқсатсыз алып, трансформаторға соғылды. Өзіміз келтірген қолайсыздық үшін баршаңыздан шын жүректен кешірім сұраймын», — деді ол.
Полиция өкілдері бұл жағдай ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне айрықша назар аудару қажеттігін тағы бір мәрте еске салатынын атап өтті. Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың көлікті өз бетінше басқаруына жол бермеуге және автомобиль кілттерін балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауға шақырды.
Ведомство өкілдері жауапсыздықтың бір сәті орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, ата-аналарға балаларымен жол қозғалысы ережелері мен қауіпсіздік талаптары туралы үнемі әңгімелесіп отыруға кеңес берді.
Материал авторы