2907

Ыстанбұлда 26 жастағы қазақстандық әйел жұмбақ жағдайда қаза тапты

Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, 26 жастағы қазақстандық әйел алтыншы қабаттағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өтпек болған кезде қаза тапқан.

Ыстанбұлда 26 жастағы қазақстандық әйел жұмбақ жағдайда қаза тапты
en.haberler.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияның Ыстамбұл қаласында Қазақстанның 26 жастағы азаматы қаза тапты. Түркиялық БАҚ-тың жазуынша, әйел өзі тұрған ғимараттың алтыншы қабатындағы балконнан көрші үйдің шатырына өтпек болған. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі оқиғаға қатысты түсініктеме берді. 

Түркияның Haberler басылымының мәліметінше, қайғылы оқиға Ыстамбұлдың Шишли ауданында болған. Алдын ала дерек бойынша, А. Б. есімді қазақстандық әйел балконнан көрші ғимараттың шатырына өтуге әрекеттенген. Ол екі ғимараттың арасындағы ойықта орналасқан қалқаға басып, төменгі деңгейге құлаған болуы мүмкін.

Әйел оқиға орнында көз жұмған. Хабар түскеннен кейін оқиға орнына полиция қызметкерлері мен медицина мамандары жеткен. Марқұмның денесі Сот-медициналық сараптама институтының мәйітханасына жеткізілген.

Әйел Түркияға қыркүйек айында туристік визамен келген. Ол елге Ресей азаматы әйелмен бірге келіп, онымен бірге тұрғаны туралы ақпарат бар. Оқиғаның нақты мән-жайын анықтау үшін полиция тергеу жүргізіп жатыр.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі қазақстандық азаматтың Ыстамбұлда қаза тапқаны туралы ақпараттан хабардар екенін мәлімдеді.

Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстан дипломаттары марқұмның туыстарымен байланыста болып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Түркияның құзырлы органдары тергеу жүргізуде, оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр.

Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені бақылауда ұстап отыр.

Материал авторы