«Сен ұйықтай бер»: Ыстанбұлда қаза тапқан қазақ қызы туралы жаңа деректер жарияланды
Марқұмның бірге тұрған құрбысы қызды шатырдың шетінде көріп, қауіп туралы ескерткенін айтқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркияның Ыстанбұл қаласында 26 жастағы Қазақстан азаматы Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Түркиялық БАҚ марқұмның қайғылы оқиғаға дейін түсірілген соңғы суретін жариялап, оның бірге тұрған құрбысы мен сүйіктісінің ұсталғанын хабарлады. Сондай-ақ қыздың оқиға алдында айтқан соңғы сөздері белгілі болды. Бұл туралы Hürriyet басылымы жазды.
Қайғылы оқиға 25 қазанда таңғы сағат 09:15 шамасында Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон шағынауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу өзі тұрған пәтердің алтыншы қабатындағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен.
Қыз шатырдың ортасына қарай бет алған кезде аяғының астындағы жабынның бір бөлігі опырылып кеткен. Соның салдарынан ол екі ғимараттың арасындағы кеңістікке, минус екінші қабат деңгейіне құлаған. Оқиға орнына жеткен дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтады.
Марқұмның соңғы суреті мен айтқан сөздері
Тергеу барысында қайғылы оқиғадан аз уақыт бұрын түсірілген сурет пайда болған. Фотода Айсұлу көрші ғимараттың шатырының шетінде отырғаны көрінеді.
Түркиялық БАҚ-тың хабарлауынша, суретті марқұммен бірге пәтер жалдап тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б. түсірген.
Алдын ала мәліметке сәйкес, таңғы сағат 08:15 шамасында Дарья құрбысын шатырдың шетінде отырған жерінен көріп, оған қауіпті екенін ескерткен. Алайда Айсұлу оған: «Мен осында отыра тұрамын, сен ұйықтай бер», – деп жауап берген көрінеді.
Осыдан кейін Дарья өз бөлмесіне қайтып кеткен.
Оның тергеушілерге берген жауабына қарағанда, кейін қатты музыкадан оянған. Пәтерден Айсұлуды таппаған соң, көрші ғимарат жаққа қараған. Сол кезде шатыр жабынының бүлінгенін байқаған. Төменге үңілгенде, құрбысының қимылсыз жатқанын көрген.
Қайғылы оқиғаға дейін сүйіктісімен кездескен
Тергеушілер Айсұлудың қаза болуына дейінгі оқиғалардың бір бөлігін де анықтаған.
Дарьяның айтуынша, 24 қазанда кешкі сағат 20:00 шамасында олар бірге серуендеуге шыққан.
Ал таңғы сағат 05:00 кезінде Айсұлу сүйіктісімен кездесуге кеткен. Ол – дүкен иесі, 35 жастағы Мажар Т. есімді ер адам.
Полиция оның жеке басын анықтап, жауап алған. Ер адамның айтуынша, Айсұлу оған шамамен таңғы сағат 05:30-да келген. Олар біраз уақыт бірге болған, ал қыз сағат 07:40 шамасында үйіне қайтқан.
Мажар Т. полицияға берген жауабында Айсұлудың түнгі клубта жұмыс істегенін білетінін айтқан.
Құрбысы мен сүйіктісі ұсталды
Түркияның DHA агенттігінің мәліметінше, тергеу аясында прокуратура екі адамды ұстауға санкция берген. Олар:
-
марқұммен бірге тұрған 22 жастағы Ресей азаматы Дарья Б.;
-
Айсұлумен романтикалық қарым-қатынаста болған 35 жастағы Мажар Т.
Құқық қорғау органдары Айсұлу Бекмаханова мен оның құрбысының Түркияға 2026 жылғы 8 қыркүйекте келгенін анықтаған.
Оқиға орнын тексергеннен кейін марқұмның денесі сараптама жүргізу үшін Сот-медициналық сараптама институтына жіберілген.
Айсұлудың өліміне не себеп болғаны және оқиғаның барлық мән-жайы әзірге түпкілікті анықталған жоқ. Түркия полициясы тергеуді жалғастырып жатыр.
Материал авторы