1571

«1000 теңгеге бола»: Қызылордада 14 жастағы жасөспірім қатарласының қолынан қаза тапты

Туыстарының мәліметінше, 21 қазанда болған жанжал кезінде жасөспірімнің кеуде тұсына бұрауыш сұғылып, ол оқиға орнында көз жұмған.

«1000 теңгеге бола»: Қызылордада 14 жастағы жасөспірім қатарласының қолынан қаза тапты
threads.com/@kairatkyzy_nurraiym

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылордада 14 жастағы жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Марқұмның туыстарының айтуынша, қайғылы оқиғаға 1000 теңгеге байланысты туындаған жанжал себеп болуы мүмкін. Полиция кәмелетке толмаған күдіктіге қатысты тергеу жүргізіп, тағы бір қылмыстық іс тіркеген.

Марқұмның әпкесінің Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 21 қазанда Қызылорданың орталық алаңында болған. Оның айтуынша, інісі мен 13 жастағы танысының арасында жанжал туындап, соңы қайғылы жағдайға ұласқан.

Туысының болжамынша, дауға 1000 теңге себеп болған. Жанжал кезінде жасөспірімнің кеуде тұсына бұрауыш сұғылған. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Марқұмның әпкесі әлеуметтік желідегі жазбасында інісінен айырылу отбасы үшін орны толмас қайғы болғанын айтып, оқиғаның анасының көз алдында болғанын жеткізген.

Оның сөзінше, жанжалға бірнеше адам қатысуы мүмкін. Сондықтан ол істің барлық мән-жайын жан-жақты зерттеп, оқиғаға қатысы бар әр адамның әрекетіне заң аясында баға беруді талап еткен. Алайда жанжалдың нақты себебі мен оған кімдердің қатысқаны әзірге ресми түрде толық анықталған жоқ.

Полиция екі қылмыстық іс қозғады

Қызылорда облысының полиция департаменті жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.

Аталған дерек бойынша «Жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полицияның хабарлауынша, кәмелетке толмаған күдікті облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.

Бұдан бөлек, баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау дерегі бойынша тағы бір қылмыстық іс тіркелген. Алайда полиция бұл істің кімге қатысты қозғалғанын нақтыламады.

Ведомство жасөспірімнің өліміне қатысты тергеуді ерекше бақылауға алғанын хабарлады. Қазір құқық қорғау органдары жанжалдың себептерін, оқиғаның қалай өрбігенін және қайғылы жағдайға әкелген барлық мән-жайды анықтап жатыр.

Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпарат жарияланған жоқ. 

Материал авторы