2376

UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов дәрігерге қаралды: маман денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады

UFC-дегі титулдық бәсеке қарсаңында Шавкат Рахмоновтың денсаулығына қатысты жаңа мәлімет шықты.

UFC жұлдызы Шавкат Рахмонов дәрігерге қаралды: маман денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады
instagram.com/rolan_chanyshev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, спорттық медицина дәрігері Ролан Чанышев UFC-де өнер көрсететін қазақстандық файтер Шавкат Рахмоновпен кездескенін айтып, спортшының жарақаттан кейінгі қалпына келуіне қатысты мәлімет жариялады. Оның сөзінше, сауығу үдерісін баяулататын бірнеше фактор анықталған.

Чанышев Instagram парақшасында қазақстандық спортшымен бірге түскен суретін жариялаған. Дәрігердің айтуынша, ол Алматыда өткен ATP 250 Almaty Open теннис турнирінде әріптесі Сергей Егоровпен бірге жұмыс істеген кезде Рахмоновқа медициналық көмек көрсеткен.

«UFC аясында өнер көрсететін аралас жекпе-жек шебері, жартылай орта салмақтағы M-1 әлем чемпионы Шавкат Рахмоновты әріптесім Сергей Егоров екеуміз емдедік», – деп жазды дәрігер.

Сондай-ақ ол спортшының жарақаттан кейінгі қалпына келуіне әсер ететін мәселелер анықталғанын хабарлады. Чанышев бұл туралы Instagram-дағы жарияланымының астындағы пікірлерде жазған.

«Оның жарақаттан кейінгі қалпына келуін баяулататын бірнеше себепті анықтадық», – деді маман. Алайда дәрігер нақты қандай факторлар туралы сөз болғанын ашып айтпаған.

Айта кетейік, бұған дейін UFC Шавкат Рахмонов өнер көрсететін жартылай орта салмақта уақытша чемпиондық белбеуді енгізгені хабарланған. Бұл атақ үшін бразилиялық Карлос Пратес пен эквадорлық Майкл Моралес кездеседі. Ал осы салмақтағы толыққанды чемпиондық белбеу ресейлік Ислам Махачевке тиесілі. 

Материал авторы