Ресей Африканың кедей елдерінен Украинадағы соғысқа адам тартуды күшейткен
Жыл басталғалы Бурунди мен Зимбабведен Ресей армиясына тартылғандар саны күрт өскен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей Украинадағы соғысқа қатыстыру үшін Африка елдерінің азаматтарын жалдауды күшейткен. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бірқатар мемлекеттен әскерге тартылғандар саны бірнеше есе артқан. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Басылымның мәліметінше, Ресей Кения, Гана, Ботсвана және Оңтүстік Африка билігі азаматтарын ескерткеннен кейін жалдау науқанының бағытын өзгерткен. Енді шетелде жоғары жалақы іздейтін адамдарға басымдық беріліп отыр.
Мәселен, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Бурундиден Ресей армиясына 699 адам тартылған. Ал 2025 жылдың бүкіл кезеңінде бұл көрсеткіш 30 адам болған. Зимбабведен биыл тоғыз айда 530 адам жалданса, өткен жылы олардың саны 65-ті құраған. Конго Демократиялық Республикасы, Сьерра-Леоне, Судан және Камерун азаматтарын тарту да артқан. Мадагаскарда Ресей толық ауқымды соғыс басталғалы алғаш рет жергілікті тұрғындарды жалдауға кіріскені хабарланды.
Құқық қорғау ұйымдарының мәліметінше, кейбір африкалықтар Ресейге көлік, қоғамдық тамақтану және басқа салалардағы азаматтық жұмысқа орналасамыз деп барған. Басқаларына келісімшартқа қол қойғаны үшін қомақты төлем, жоғары жалақы және Ресей азаматтығын алу мүмкіндігі уәде етілген. Алайда бірқатар адам алдау мен мәжбүрлеуге тап болғанын олардың туыстары мен құқық қорғаушылар мәлімдеген.
26 қазанда Украинадағы заңбұзушылықтарды тергейтін тәуелсіз халықаралық комиссия шетелдіктерді Ресей қарулы күштеріне тарту туралы баяндама жариялады. Комиссия қорытындысында 29 елдің азаматтарын жалдау кезінде алдау немесе мәжбүрлеу тәсілдері қолданылғаны айтылған. Тергеушілер бұл әрекеттерді адам саудасы ретінде бағалаған.
Африка елдерінің билігі де жағдайға алаңдаушылық білдіріп отыр. Ботсвана сыртқы істер министрі 26 қазанда парламентте соғысқа тартылған 15 азаматтың хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеді. Үкімет олардың тағдырын Ресей және Украина билігі арқылы анықтауға тырысып жатыр. Кения мен Гана да Мәскеуден өз азаматтарын жалдауды тоқтатуды талап еткен. Кениялық саясаткерлердің бағалауынша, Ресей армиясына бұл елден кемінде мың адам тартылған болуы мүмкін.
Bloomberg дерегіне сәйкес, Ресей Африканың тағы тоғыз елінде әскери қызметке тікелей жалдауды іс жүзінде тоқтатып, азаматтарды қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына жұмысқа тартуға басымдық бере бастаған.
Украина тарапының мәліметінше, Ресей қарулы күштерімен келісімшарт жасасқан 151 елдің 45 959 азаматы анықталған. Олардың 5 451-і – Африка елдерінен шыққан адамдар.
Материал авторы