Алматыда күніне 3-4 банка энергетик ішкен ер адамға шұғыл ота жасалды
Іші қатты ауырған науқастың асқазанында тесік пайда болып, қабыну құрсақ қуысына тараған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда іші қатты ауырған жас жігіт ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның асқазанында тесілген ойық жара барын анықтады. Ауру перитонитпен, яғни құрсақ қуысының қабынуымен асқынған. Хирургтер науқасқа шұғыл операция жасап, өмірін сақтап қалды.
Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасына түскен науқасқа дәрігерлер жедел хирургиялық көмек көрсеткен. Ота кезінде мамандар асқазан қабырғасындағы тесікті тігіп, құрсақ қуысын тазартты. Емнен кейін ер адамның жағдайы жақсарып, ол ауруханадан үйіне шығарылды.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқас соңғы бірнеше ай бойы күн сайын үш-төрт банка энергетикалық сусын ішкенін айтқан.
Алайда дәрігерлер асқазан ойық жарасының тесілуіне энергетиктер тікелей себеп болды деп нақты тұжырым жасауға болмайтынын атап өтті.
«Энергетиктер ойық жараның тесілуіне себеп болды деп кесіп айтуға болмайды. Дегенмен мұндай сусындарды шамадан тыс тұтыну асқазан-ішек жолына кері әсер етуі мүмкін. Әсіресе асқазан аурулары бар адамдар сақ болғаны жөн», — деді аурухананың хирургі Ілияс Сағиев.
Материал авторы