Тоқаев ауқатты адамдарға салықты көтеру мәселесін талқылауды ұсынды
Президент ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін Үкімет пен Құрылтайға жан-жақты зерделеуді тапсырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ірі байлық иелеріне жоғары салық мөлшерлемесін енгізу мәселесін талқылау қажеттігін айтты. Мемлекет басшысының сөзінше, салық салудағы басты қағидалардың бірі — әділдік.
Президент заңды жолмен иеленген активтерге шектеу қою көзделмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай қадам Конституцияға қайшы болар еді. Әңгіме әр азаматтың елдің дамуына мүмкіндігіне сай әрі әділ үлес қосуы туралы болып отыр.
Тоқаев бұл мәселені жан-жақты зерттеп, нақты ұсыныстар әзірлеуді Үкімет пен Құрылтайға жүктеді.
Мемлекет басшысы салық салу жүйесінде ашықтықты қамтамасыз ету қажеттігіне де тоқталды. Оның пікірінше, салық жинау тиімділігін арттыру үшін озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні пайдалану керек.
Президенттің айтуынша, цифрландыру салық түсімдерін көбейтуге, көлеңкелі экономиканы қысқартуға және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Материал авторы