3254

«Өмір бойы өкінемін»: Екі ұлынан айырылған әке түрмеден босап шықты

Түрмеде отырған әке кенже ұлының қазасын естіді.

«Өмір бойы өкінемін»: Екі ұлынан айырылған әке түрмеден босап шықты
Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында екі ұлынан айырылған 68 жастағы ер адам сегіз айлық жазасын өтеп, бостандыққа шықты. Ол мас күйде көлік жүргізгені үшін сотталған. Жазасын өтеу кезінде ер адам кенже ұлының да қайтыс болғанын естіген. Бұл туралы Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жазды.

Ведомствоның мәліметінше, ер адам қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеген. Мекеме қызметкерлері онымен жасаған әрекетінің салдарын түсінуге бағытталған тәрбиелік және түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Бостандыққа шығар алдында ер адам өміріндегі ауыр оқиғаларды баяндаған. Оның айтуынша, әйелі екеуі үш ұл тәрбиелеп өсірген. Балалары білім алып, өз жолын тапқан. Үлкен ұлы отбасын құрған, ал ата-анасы ортаншы ұлының үйлену тойына дайындалып жүрген.

Алайда бес жыл бұрын ортаншы ұлы ауыр науқастан қайтыс болған. Бұл отбасы үшін үлкен қайғыға айналған.

Кейін ер адам алкоголь ішіп, көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылған. Жазасын өтеп жүрген кезінде ол кенже ұлының да қаза тапқанын білген. Ұлы үйінде болған жазатайым оқиға салдарынан көз жұмған.

Осылайша, үш ұл тәрбиелеген әкенің үлкен ұлы ғана қалған.

Сегіз айдан кейін бостандыққа шыққан ер адамды мекеме қақпасында әйелі, үлкен ұлы және үш жастағы немересі күтіп алды. Ол отбасына қайта оралғанына қуанышты екенін айтып, жақындарының жанында болуды бағалайтынын жеткізген.

«Мен үлкен қателік жасағанымды түсінемін. Оған өмір бойы өкінемін. Уақытты кері қайтара алмаймыз, бірақ бұрынғы қателіктерімді қайталамауға, жақындарымды бағалап, жақсы жар, әке және ата болуға бар күшімді саламын», — деді ер адам. 

Материал авторы