Алматыда екі жас мұғалім академик Асқар Жұмаділдаевтың олимпиадасында автокөлік ұтып алды
Қаланың 75-тен астам мектебінен келген 115 жас педагог бақ сынап, олардың 45-і жүлделі орындарға ие болды.
Алматыда физика және математика пәндерінің жас мұғалімдері арасында өткен қалалық олимпиаданың екі жеңімпазына Changan маркалы автокөліктер табысталды. Байқау көрнекті математик, академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
27 қазанда ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясында өткен марапаттау рәсімінде жас педагогтердің кәсіби жетістіктері атап өтілді. Олимпиаданың мақсаты — мұғалімдердің пәндік білімін бағалау, зияткерлік әлеуетін қолдау және қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттыру.
Білім додасына Алматыдағы 75-тен астам мектептен 115 жас мұғалім қатысты. Олардың 45-і жүлделі орындарға ие болды.
Байқаудың бас жүлдесі — екі Гран-при иегеріне берілген автокөліктер. Оларды Beta High School жекеменшік мектебі сыйға тартты.

Математика пәні бойынша №208 мектеп-гимназияның мұғалімі Еркегүл Шынарбек 38 ұпай жинап, үздік нәтиже көрсетті. Ол олимпиадаға қатысудағы басты мақсаты жеңіске жету ғана емес, кәсіби тұрғыдан үнемі даму екенін айтты. Педагог бұл жолғы жеңістің өзі үшін күтпеген қуаныш болғанын жеткізді.
Оның пікірінше, мұндай жарыстар мұғалімдердің тәжірибе алмасуына, білімін шыңдауына және кәсіби ізденісін жалғастыруына жол ашады.
Физика пәні бойынша №126 мамандандырылған лицейдің мұғалімі Айсана Советхан 16,5 ұпай жинап, Гран-при иегері атанды. Осылайша, екі жас ұстаз да кәсіби жетістігі үшін автокөлікпен марапатталды.
Олимпиада қорытындысы бойынша тағы бес мұғалім бірінші орынға, 12 педагог екінші орынға, 26 қатысушы үшінші орынға ие болды.
Іс-шара академик Асқар Жұмаділдаевтың мерейтойына арналды. Ғалым қазақ математика ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан тұлға ретінде танымал. Оның ғылыми жолы білімге адалдық пен үздіксіз ізденістің үлгісі ретінде дәріптелді.
Асқар Жұмаділдаев мұндай олимпиадалардың ғылым мен білімнің мәртебесін көтеруге ықпал ететінін атап өтті. Академиктің айтуынша, бастаманы жүзеге асыруға көмектесіп жүрген азаматтардың арасында оның бұрынғы шәкірттері де бар. Ол жас мұғалімдерге білімін көрсетуге мүмкіндік беретін осындай жарыстардың ұйымдастырылуын құптайтынын жеткізді.
Олимпиаданы ұйымдастыруға академиктің шәкірттерінің бірі, Beta High School негізін қалаушы Бақнұр Зиябеков демеушілік жасады. Іс-шара Алматы қаласының Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық және Қазақстан математика мұғалімдері қауымдастығының бірлесуімен өтті.
Beta High School директоры Бақнұр Зиябековтің айтуынша, академиктің мерейтойына орай ұйымдастырылған олимпиада екінші рет өткізіліп, дәстүрге айналып келеді. Бастаманың негізгі мақсаты — жас мұғалімдерді қолдау және олардың білімін тәжірибеде қолдану дағдыларын дамыту. Оның сөзінше, оқушылардың зияткерлік әлеуеті мен математикалық сауаттылығы ең алдымен білім сапасына және мұғалімнің біліктілігіне байланысты.
Бұған дейін, биыл көктемде, Beta High School жас математиктер арасында республикалық олимпиада ұйымдастырған.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай байқаулар жас педагогтердің кәсіби деңгейін бағалап қана қоймай, тәжірибе алмасуына, пәндік құзыретін жетілдіруіне және жаңа кәсіби белестерге ұмтылуына мүмкіндік береді.