1205

ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары күмәнді сөмкеге байланысты эвакуацияланды

Университет ғимаратынан табылған қараусыз сөмкеге байланысты жедел қызметтер шақырылып, студенттер мен оқытушылар қауіпсіз жерге шығарылды.

ҚазҰУ студенттері мен оқытушылары күмәнді сөмкеге байланысты эвакуацияланды
threads.com/@serikkovnam

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қараусыз қалған сөмке табылып, студенттер мен оқытушылар ғимараттан эвакуацияланды. Тексеру нәтижесінде сөмкенің қауіпті емес екені анықталды. Бұл туралы Алматы қалалық Полиция департаменті жазды.

Университеттегі эвакуация туралы ақпарат Threads әлеуметтік желісінде тараған. Осыған байланысты жедел қызметтер оқиға орнына дереу жеткен.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында оқу орнының студенттері мен оқытушылар құрамы ғимараттан шығарылған.

Тексеру барысында сөмкенің студенттердің біріне тиесілі екені белгілі болды. Оның ішінде оқу құралдары болған. Полиция өкілдері табылған заттың ешқандай қауіп төндірмегенін хабарлады.

Құқық қорғау органдары азаматтардың қырағылығы мен қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауын құптады.

Сонымен қатар полиция қараусыз қалған немесе күмән тудыратын заттарды байқаған жағдайда, оларды өз бетінше ұстамауға және ашпауға шақырды. Мұндай жағдай туралы дереу 102 нөміріне хабарлау қажет. 

Материал авторы