ШҚО-да мас әйел такси рөліне отырып, көлікті бүлдіріп алған
Полиция әйелдің мас күйде болғанын және жүргізуші куәлігі жоқ екенін анықтады.
Шығыс Қазақстан облысында мас күйдегі 33 жастағы әйел такси жүргізушісінің көлігін рұқсатсыз жүргізіп, бүлдірген. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген шығын көлемі 2,5 миллион теңгені құрайды. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, әйел Chevrolet Aveo көлігінің жүргізушісінен өзін бірнеше мекенжайға апаруды сұраған. Соңғы аялдамада жүргізуші көліктен шыққан кезде жолаушы рөлге отырып, көлікті жүргізуге әрекет жасаған.
Салдарынан автомобиль зақымданған. Көлік иесі полицияға арыз түсірген. Құқық қорғау органдары әйелдің жеке басын анықтап, оны ұстады.
Тексеру барысында әйелдің алкогольдік мас күйде болғаны және жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталған. Автокөлікті заңсыз иелену дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті мас күйде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару айналадағы адамдарға қауіп төндіретінін және заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
Материал авторы