1437

ШҚО-да заңсыз аң аулады деген күдікпен тоғыз шетелдік ұсталды

Құқық қорғау органдары Зайсан қаласында бейнежазбаға қатысы болуы мүмкін үш жол талғамайтын көлікті тоқтатқан.

ШҚО-да заңсыз аң аулады деген күдікпен тоғыз шетелдік ұсталды
pixabay.com

Шығыс Қазақстан облысында заңсыз аң аулауға қатысы бар деген күдікпен тоғыз шетелдік пен Қазақстан азаматы ұсталды. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті хабарлады.

Комитеттің Telegram-арнасындағы мәліметке сәйкес, 27 қазанда мессенджерлерден заңсыз аң аулау болуы мүмкін екенін көрсететін ақпарат анықталған. Видеодағы көліктердің мемлекеттік нөмірлері арқылы түсірілім Шығыс Қазақстан облысында жүргізілуі мүмкін екені белгілі болған.

«Охотзоопром» қызметкерлері қосымша ақпарат жинап, көліктердің Зайсан қаласындағы ықтимал орналасқан жерін анықтаған. Алынған мәліметтер табиғат қорғау полициясына берілген.

Сол күні сағат 22:10 шамасында «Охотзоопром» инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірге Зайсан қаласында бейнежазбаға қатысы болуы мүмкін үш жол талғамайтын көлікті тоқтатқан.

Тексеру жүргізу үшін тоғыз шетелдік пен Қазақстан азаматы ұсталды.

Қазір олардың ықтимал заңсыз аң аулауға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тексеру жұмыстарын жүргізуде.

Материал авторы