Тоқаевтың сынынан кейін «Самұрық-Энерго» басшысы қызметінен кетті
Тоқаев қыс мезгілінде электр энергиясын қымбатқа сатып алып, жазда арзанға қайтару тәжірибесіне күмән келтірген.
«Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов қызметінен босатылды. Мұндай шешім Қазақстанның энергетика саласындағы жағдайға қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қабылданды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Мақсұтовты қызметінен босату туралы шешімді «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасы қабылдаған.
«Шешім компанияның стратегиялық инвестициялық жобаларын іске асыру қарқынының қанағаттанарлықсыз болуына, сондай-ақ жаңа генерациялайтын қуаттарды салу және іске қосу мерзімдерінің сақталуына бақылаудың жеткіліксіздігіне байланысты қабылданды», – делінген хабарламада.
Бұған дейін Қазақстан халқына Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев елде электр энергиясының тапшылығы әлі де бар екенін айтқан. Оның сөзінше, қыс мезгілінде сұраныс шарықтаған кезде Қазақстан көрші мемлекеттерден электр энергиясын жоғары бағамен сатып алуға мәжбүр. Ал жазда электр қуатын әлдеқайда төмен бағамен қайтарады.
Президент ондаған жылдан бері жалғасып келе жатқан бұл тәжірибені «қарапайым бизнес» деп атап, оның қаншалықты орынды екеніне күмән келтірген.
«Маған мұның энергетика саласындағы қалыпты тәжірибе екенін айтады. Сондықтан кезінде Балқашта жылу электр орталығының құрылысын бастап, кейін тоқтатып тастағаны да таңғаларлық емес. Қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерациялайтын қуаттарды іске қосу мерзімдері бұзылып жатыр», – деген еді мемлекет басшысы.
Тоқаев электр энергиясымен қамтамасыз ету елдің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігіне тікелей әсер ететін маңызды факторлардың біріне айналғанын да атап өтті. Президенттің пікірінше, Қазақстан шикізаттық артықшылығын тұрақты энергетикалық және технологиялық дамуға айналдыруы қажет.
Материал авторы