2386

Павлодарда Путиннен Қазақстанға әскер жіберуді сұраған әйел ұсталды

Әлеуметтік желіде тараған видеода өзін Ольга Мұхамеджанова деп таныстырған әйел Ресей президенті Владимир Путиннен Қазақстанға әскер жіберуді сұраған.

Павлодарда Путиннен Қазақстанға әскер жіберуді сұраған әйел ұсталды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында Ресей президенті Владимир Путиннен Қазақстанға әскер жіберуді сұраған видеоға байланысты әйел ұсталды. Әлеуметтік желіде тараған жазбада өзін Ольга Мұхамеджанова деп таныстырған әйел қазақ халқына қатысты қорлайтын сөздер айтқан. Ұлттық қауіпсіздік комитеті оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеода әйел Ресей президентіне үндеу жасап, Қазақстанға әскер жіберуді сұрайды. Сонымен қатар оның қазақ халқына қатысты кемсітетін, қорлайтын сөздер айтқаны байқалады.

Жазба желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Заңгер Мейірман Шекеев әйелдің мәлімдемелерін тексеріп, олардан ұлтаралық араздықты қоздыру және сепаратизм белгілерінің бар-жоғын анықтау қажеттігін айтты.

ҰҚК сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады

28 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті Павлодар облысының тұрғыны ұсталғанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, әйел сепаратистік сипаттағы видео жариялады деген күдікке ілінген. Ұстау әрекеті прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген.

«Тиісті сотқа дейінгі тергеу басталды. Сонымен қатар оның бұған дейін есірткі заттарын сатқаны үшін сотталғаны анықталды», – деп хабарлады ҰҚК өкілдері.

Қазір оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Әйелдің кінәсі сотта дәлелденбейінше, ол заң бойынша кінәсіз деп есептеледі.

Материал авторы