1299

«Аялдамада түнеуге мәжбүр болған»: маска киген қайырымды жан ДЦП диагнозы бар жігітке баспана сыйлады

Екінші топтағы мүгедектігі бар жігіт естімейді, сөйлей алмайды, бірақ жаяу курьер болып жұмыс істеп, күнкөрісін өзі қамтамасыз етеді.

«Аялдамада түнеуге мәжбүр болған»: маска киген қайырымды жан ДЦП диагнозы бар жігітке баспана сыйлады
instagram.com/chelovekvmaskee

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда «Человек в маске» деген атпен танылған қайырымдылық жасаушы 29 жастағы Давидтің арманын орындап, оған пәтер сыйлады. Екінші топтағы мүгедектігі бар жігіт естімейді және сөйлей алмайды. Соған қарамастан, ол жаяу курьер болып жұмыс істеп, күнкөрісін өзі қамтамасыз етіп келеді.

Давидтің денсаулығына байланысты күнделікті өмірі оңай емес. Аяғындағы қатты ауырсынуға байланысты ол кейде тапсырыстарды уақытында жеткізе алмайды. Мұндай жағдайлар клиенттердің алдында өзін ыңғайсыз сезінуіне себеп болады.

Жігіттің жағдайын одан әрі қиындатқан жайт – оның ата-анасынан ерте айырылып, баспанасыз қалуы. Тұрақты тұратын жері болмағандықтан, кейде түнді автобус аялдамасында өткізуге мәжбүр болған.

«Мен жетіммін. Анам да, әкем де, үйім де жоқ. Маған өте қиын. Ата-анамды қатты сағындым», – деп бөліскен Давид.

Арманы үш дөңгелекті велосипед еді

Қайырымдылық жасаушы жігіттен көптен бері қандай арманын орындауды қалайтынын сұрағанда, Давид үш дөңгелекті велосипед алғысы келетінін айтқан. Оның көмегімен қала ішінде жүру жеңілдеп, курьерлік жұмысын да атқару оңайырақ болар еді.

Алайда «Маскадағы адам» Давидке бұдан да үлкен қолдау көрсетті. Ол жігітке армандаған көлігін сыйлап қана қоймай, қажетті ем-домнан өтуіне қомақты қаражат бөлген.

Қайырымдылық жасаушының ең үлкен сыйы – Давидке жайлы пәтердің кілтін табыстауы болды. Осылайша, баспанасыздықтың қиындығын бастан өткерген жігіттің жеке үйі пайда болды.

Давидтің өміріне жасалған бұл қолдау оның күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, алдағы өміріне жаңа мүмкіндік ашты.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор