Қазақстанда алимент төлемейтіндердің табысын анықтайтын жаңа жүйе іске қосылды
Үш ай бойы алиментті табыстан өндіру мүмкін болмаса, сот орындаушысы қарызды анықтап, мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдауға міндетті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда алимент төлемейтін азаматтардың кірісін анықтауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ақпараттық жүйе енгізілді. Жаңа тетік мемлекеттік органдармен, банктермен және басқа да ұйымдармен дерек алмасып, борышкерлердің табысы туралы мәлімет жинайды. Бұл туралы ZANGER | PRG Telegram-арнасы жазды.
Қазақстан заңнамасына сәйкес, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті. Алайда ажырасқаннан кейін кейбір ата-ана баласының күтіміне қаржы бөлуді тоқтатып, алимент төлеуден жалтарады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін берешекті өндіру жұмысын күшейту туралы шешім қабылданған.
Жаңа жүйе қалай жұмыс істейді?
Автоматтандырылған ақпараттық жүйе мемлекеттік органдармен, банктермен және басқа да ұйымдармен мәлімет алмасады. Сондай-ақ борышкерлердің жұмысқа орналасуы мен олардың жұмыс берушілері туралы ақпарат алады.
Бұдан бөлек, жүйе интернет-платформа операторлары мен ойын бизнесін ұйымдастырушылар арқылы азаматтардың табысын анықтауға мүмкіндік береді.
Алимент қарызы қалай есептеледі?
Егер борышкер жұмыс істеп, табыс тауып жүрсе, алимент бойынша берешек оның нақты жалақысы мен басқа да кірістеріне қарай есептеледі. Ал азамат жұмыс істемесе немесе табысын тиісті құжаттармен растай алмаса, қарыз Қазақстандағы орташа айлық жалақы негізінде есептеледі.
Егер үш ай бойы борышкердің табысынан алимент өндіріп алу мүмкін болмаса, сот орындаушысы берешек мөлшерін анықтап, оны мәжбүрлеп өндіру шараларын қабылдауға міндетті. Мұндай жағдайда өндіріп алу борышкердің мүлкіне де бағытталуы мүмкін.
Қарыздың бір бөлігін өтеу қалған соманы төлеу міндетінен босатпайды. Яғни берешектің бір бөлігі өтелген күннің өзінде, қалған соманы толық қайтару қажет. Ішінара төлем жасау атқарушылық іс жүргізуді өздігінен тоқтатуға негіз болмайды.
Бұған дейін Қазақстанда алимент төлемейтін ата-аналардың балаларына тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызмет ақысын төлеу үшін субсидия беру ұсынылған еді. Алайда Үкімет мұндай бастама бюджетке айтарлықтай қосымша шығын түсіретінін, ал мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетудің өзге де шаралары қарастырылғанын мәлімдеген.
Сонымен қатар алимент алушы ата-ана алынған ақшаның қалай жұмсалғаны туралы алимент төлеушіге, сотқа немесе жеке сот орындаушысына есеп беруге міндетті емес. Бала бірге тұратын ата-ана қаражатты өз бетінше басқарады.
Алимент бойынша берешек азаматтарды ауыр қарыздардан босатуы мүмкін банкроттық рәсіміне де жатпайды. Сондықтан банкроттық жарияланған жағдайда да алимент қарызын өтеу міндеті сақталады.
Материал авторы