1345

Шәмші Қалдаяқовтың ұлы мен немерелері АҚШ-та «Ана туралы жыр» орындады

Шәмші Қалдаяқовтың «Әнім сен едің», «Қайдасың» және «Бақыт құшағында» әндері шетелдік көрерменге ұсынылды.

Шәмші Қалдаяқовтың ұлы мен немерелері АҚШ-та «Ана туралы жыр» орындады
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында Қазақстан Республикасының күніне және қазақтың көрнекті композиторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 100 жыл толуына орай мәдени кеш өтті. Іс-шарада композитордың шығармалары ағылшын және испан тілдерінде алғаш рет орындалды. 

Концерт Франциядағы өнер көрсетілімінен кейін ұйымдастырылып, «Shamshi 100» халықаралық жобасының жалғасы болды.

Кеште композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов екі ұлымен бірге сахнаға шықты. Отбасылық трио скрипкамен Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі «Ана туралы жыр» шығармасын орындады.

Сондай-ақ концертте Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солистері мен композитордың ұрпақтары өнер көрсетті. Шамамен 200 көрермен жиналған кеште «Әнім сен едің», «Қайдасың» және «Бақыт құшағында» әндері шырқалды. Көрермендер қатарында АҚШ тұрғындары, қазақ диаспорасының өкілдері, дипломатиялық корпус пен іскерлік орта өкілдері болды.

Шетелдік тыңдармандар қазақ музыкасының рухани тереңдігі мен әуезіне жоғары баға берді. Ұлттық музыкаға тән әуендердің Қазақстан шекарасынан тыс жерлерде де тыңдарман жүрегіне жол табатыны атап өтілді.

«Shamshi 100» халықаралық жобасы Мадрид қаласында басталып, Парижде жалғасын тапқан. Нью-Йорктегі мәдени кеш те композитордың мұрасын әлемге танытуға бағытталған осы бастаманың бір бөлігі болды. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор