3730

«Қазақстанға құрметпен қараймын»: «Борат» рөлін сомдаған актер кешірім сұрады

Саша Барон Коэн қазақстандықтардан «Борат» фильмі үшін кешірім сұрады.

«Қазақстанға құрметпен қараймын»: «Борат» рөлін сомдаған актер кешірім сұрады
imdb.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, британдық комик Саша Барон Коэн «Борат» фильміндегі кейіпкерінің бейнесі үшін Қазақстан тұрғындарынан кешірім сұрады. Ол Happy Sad Confused подкастында Бораттың шынайы Қазақстанға да, оның азаматтарына да қатысы жоқ екенін айтты.

Коэннің сөзінше, ол Борат арқылы Қазақстанды емес, бұл ел туралы ештеңе білмесе де, оған қатысты қисынсыз әрі күлкілі әңгімелерге сенген адамдардың надандығын әжуалаған.

«Кешірім сұраймын. Мен сіздердің акценттеріңізге еліктей алмаймын. Сіздер Боратқа мүлде ұқсамайсыздар. Қазақстандықтар, өтінемін, ренжімеңіздер. Мен сіздерге құрметпен қараймын. Негізінде, Бораттың бейнесінің Қазақстанға ешқандай қатысы жоқ», – деді актер.

Саша Барон Коэннің бұл мәлімдемесі фильмдегі ойдан шығарылған кейіпкер мен Қазақстанның шынайы болмысының арасын ажыратуға бағытталған. Комик өз сөзінде Борат бейнесі ел тұрғындарын сипаттамайтынын атап өтті.

Материал авторы