Блогер Назар Ролланға іздеу жарияланды: Алматы полициясы істің мән-жайын түсіндірді
Алматы полициясының мәліметінше, блогер тергеу органына келмегендіктен және тергеу әрекеттеріне қатысуын қамтамасыз ету үшін іздеуге жарияланған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы полициясы танымал блогер Назар Ролланның іздеуге жариялануына қатысты түсініктеме берді. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оған бұзақылық дерегі бойынша күдік келтіріліп, қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Бұған дейін Назар Ролланның карточкасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы «Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген адамдар» бөлімінде пайда болған еді.
Алматы қалалық Полиция департаментінің NUR.KZ тілшісіне берген мәліметіне сәйкес, азамат Н. бұзақылық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылған.
«Бұған дейін оған елден шықпау және тиісті мінез-құлық сақтау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына келмеуіне және оның тергеу әрекеттеріне қатысуын қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты іздеуге жарияланды», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта оның жүрген жерін анықтау үшін тиісті жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.
Назар Роллан бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына іліккен. 2019 жылы ол Porsche көлігін мас күйінде басқарғаны үшін Алматыда 20 тәулікке сотталған.
Блогер 2018 жылы Әл-Фараби даңғылында қарсы жолаққа шығып кеткен сәтін видеоға түсіріп, жариялағаннан кейін көпшілікке танылған еді.
Материал авторы