Өлілерге қызмет: Павлодардағы жеке клиникаға қатысты іс тергеліп жатыр
Тергеу нұсқасы бойынша, жеке клиника екі жыл бойы МӘМС аясында көрсетілмеген медициналық қызметтерді есепке енгізген болуы мүмкін.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында медициналық қызметтерді негізсіз тіркеу деректері бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу нұсқасы бойынша, жеке клиникада көрсетілмеген қызметтер есепке енгізілген болуы мүмкін. Алдын ала есеп бойынша, келтірілген залал 15 млн теңгеден асады. Бұл туралы «Казинформ» жазды.
Өңірлік Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, екі жыл бойы клиниканың есептілігіне МӘМС аясында көрсетілді деп тіркелген, бірақ іс жүзінде көрсетілмеген немесе негізсіз рәсімделген медициналық қызметтер туралы деректер енгізілуі мүмкін.
Тексеру барысында қайтыс болған азаматтарға медициналық қызмет көрсетілгені туралы жазбалар, ер адамдарға гинекологиялық қызметтер тіркелгені, сондай-ақ осы емханаға тіркелмеген азаматтарға қызмет көрсетілгені жөнінде мәліметтер анықталған.
«Қылмыстық іс аясында медициналық ұйым басшылығы мен дәрігерлердің ықтимал қатысы да тексеріліп жатыр. Қазіргі уақытта тергеушілер осы мекемеден медициналық қызмет алған көптеген азаматтың деректерін зерттеуде», – деп хабарлады департамент өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Әзірге күдіктілер ресми түрде анықталмаған.
Материал авторы