1348

Оралда есірткі қолданған полицейге айыппұл салынды

Марихуана қолданғанын мойындаған полицей сотта кінәлі деп танылды.

Оралда есірткі қолданған полицейге айыппұл салынды
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысының Орал қаласында есірткі заттарын медициналық мақсаттан тыс қолданған полиция қызметкеріне 173 мың теңге айыппұл салынды. Істі әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот қарады.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, құқық бұзушылық полиция қызметкерлерінің жеке құрамына қатысты жүргізілген профилактикалық іс-шаралар кезінде анықталған.

Облыстық Полиция департаментінің конвой бөлімшесінде қызмет ететін полиция старшинасы тыйым салынған заттарды қолдану ықтималдығына байланысты медициналық куәландырудан өткен. Тексеру нәтижесінде оның ағзасынан каннабиноидтар тобына жататын есірткі заттарын қолдану белгілері анықталған.

Әкімшілік іс материалдарында қызметкердің жазбаша түсініктемесі де бар. Онда ол марихуана қолданғанын өз қолымен жазып, кінәсін мойындаған. Қайта медициналық куәландырудан өтпеген.

Сот полиция қызметкерінің кінәсін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама, медициналық куәландыру қорытындысы, алғашқы жазбаша түсініктеме, полиция қызметкерлерінің рапорттары және өзге де материалдар жиынтығы арқылы дәлелденген деп таныды.

Нәтижесінде ер адам кінәлі деп танылып, оған 173 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы