Димаш Құдайберген Анкарада түркі мемлекеттерінің президенттері алдында өнер көрсетті
Димаштың сахнадағы өнерін домбырашы, қобызшы және сыбызғышы қазақстандық музыканттар сүйемелдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің басшыларына арналған мерекелік концертте өнер көрсетті. Қазақстандық әншінің өнер көрсетуі ұйымның XIII саммиті аясында Анкарада өтті. Бұл туралы Dimashnews сайты жазды.
Саммит 29–30 қазан күндері «Түркі дәуірі: тілдегі, ойдағы және істердегі бірлік» ұранымен өтуде. Жиынға ТМҰ-ға мүше бес мемлекеттің — Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Түркияның басшылары қатысып жатыр. Сонымен қатар бақылаушы елдер — Венгрия, Түрікменстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасының өкілдері де шақырылған.
Түркі мемлекеттерінің көшбасшыларына арналған арнайы концерт 29 қазанда Президенттік конгресс және мәдениет орталығында өтті.
Димаш Құдайберген музыкалық бағдарламаның қорытынды бөлімінде сахнаға шықты. Әнші өзінің танымал шығармаларының бірі — француз тіліндегі SOS d’un terrien en détresse әнін орындады. Бұдан бөлек, қазақтың музыкалық туындыларын заманауи өңдеуде ұсынды. Оның орындауында «Самалтау» халық әні мен «Адай» күйі шырқалды.
Сахнада Димашқа қазақстандық музыканттар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз домбырамен, Олжас Құрманбек қобызбен және Санжай Әлмішев сыбызғымен сүйемелдеу көрсетті.
Материал авторы