Алматыдағы оқушылардың жаппай улануы: асханадан ішек таяқшасы мен алтын түсті стафилококк табылды
Зерттеу барысында дайын тағамдардан микробтық ластану, ыдыстардан ішек таяқшасы тобының бактериялары анықталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) оқушылардың жаппай улануына қатысты тергеу аясында асханаға жүргізілген тексерудің нәтижелері белгілі болды. Зертханалық зерттеулер дайын тағамдардан микробтық ластануды, ал асхана қызметкерлерінің төртеуінен алтын түсті стафилококк тасымалдаушылығын анықтаған.
Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тергеу жүргізіп жатыр. Осы уақытқа дейін науқастанған оқушылар мен ас блогының 38 қызметкері тексерілген. Сонымен қатар дайын тағамнан, шикізаттан, ауыз судан, ыдыстар мен түрлі беттерден шайынды сынамалар, сондай-ақ дезинфекциялық құралдардың үлгілері алынған. Байланыста болған адамдарға медициналық бақылау ұйымдастырылған.
Тексеру барысында асханада санитариялық талаптардың бірқатар бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, мәзірдің талапқа сәйкес келмеуі, азық-түлікті сақтау және тәуліктік сынамаларды сақтау тәртібінің бұзылуы, қажетті құжаттар мен асхана құралдарының таңбалануының болмауы тіркелген. Сондай-ақ оқушыларға медициналық бақылау жүргізуді ұйымдастыруда кемшіліктер болған.
Зертханалық зерттеу үшін дайын тағамның жеті, дайын өнімнің екі, шикізаттың үш сынамасы алынған. Бұдан бөлек, ыдыстар мен түрлі беттерден 30 шайынды, судың бес және дезинфекциялық құралдардың екі сынамасы тексерілген.
Зерттеу нәтижесінде кейбір дайын тағамдардан микробтық ластану, тағам сынамалары мен ыдыстардан алынған шайындылардан ішек таяқшасы тобының бактериялары анықталған. Сондай-ақ дезинфекциялық құралдың жұмыс ерітіндісі нормативтік талаптарға сәйкес келмеген.
Асхана қызметкерлерінің барлығы патогенді стафилококк пен ішек инфекцияларының қоздырғыштарын тасымалдау мүмкіндігіне тексерілген. Нәтижесінде төрт қызметкерден Staphylococcus aureus бактериясының тасымалдаушылығы анықталған. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің тиісті қаулылары негізінде олар уақытша жұмыстан шеттетілді.
Мамандардың мәліметінше, ауырған оқушылардың барлығы инкубациялық кезеңде мектеп-интернат асханасында тамақтанған. Олардың басым бөлігі аурудың басталуын тауық рулеті мен бешбармақты тұтынумен байланыстырған.
Тексеру қорытындысы бойынша мамандар әкімшілік құқықбұзушылық туралы екі хаттама толтырған.
Оқушыларға тамақ дайындайтын асхананы жалға алған ЖШС-нің қызметі 13 қазандағы тиісті қаулыға сәйкес 60 күнге тоқтатылған.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті асхананың жұмысын қайта бастау үшін анықталған заңбұзушылықтар толық жойылып, бұл жағдай заңнамада көзделген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде уәкілетті орган тарапынан расталуы қажет екенін хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің ондаған оқушысы жедел ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскені хабарланған болатын. 15 қазанда ауруханаға жатқызылған оқушылар саны 55-ке жеткені белгілі болды.
Осы оқиғадан кейін мектепте тексеру басталып, Денсаулық сақтау министрлігі анықталған заңбұзушылықтар туралы мәлімдеді. Білім беру мекемесі оқушыларды уақытша қашықтан оқыту форматына көшірген. Кейін полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Өткен аптада ауруханаға түскен оқушылардың барлығы емдеу мекемесінен шығарылды.
Материал авторы