Шымкентте он баланың анасы үшем дүниеге әкелді
Он баланың анасы болған шымкенттік әйел тағы да сәби сүйгісі келеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте тұратын 36 жастағы әйел үшем босанып, он баланың анасы атанды. Бұған дейін ол екі рет егіз, тағы үш рет бір-бірден сәби дүниеге әкелген. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Екі қыз бен бір ұл 17 қыркүйекте салмағы аз болып туған. Дәрігерлер сәбилерді күтіп-баптап, олардың жағдайын жақсартуға күш салған. Қазір үш баланың да жағдайы тұрақталып, салмақ қосқан. Нәрестелерге Әлсия, Сафия және Аймұхаммед есімдері қойылған.
Үшемді перзентханадан шығарып алуға олардың барлық бауырлары келген. Ал он баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырған Ажар Ташқараеваға «Алтын алқа» марапаты табысталды.
Көпбалалы ана үшемнің дүниеге келуі өзі үшін де күтпеген жаңалық болғанын айтады.
«Шынымды айтсам, үшем босанамын деп ойлаған жоқпын. УДЗ кезінде өз құлағыммен естіп, өз көзіммен көргенде қатты таңғалдым. Бір жағынан қуандым, бір жағынан жыладым. Жаратқанға шүкір, он баланың ата-анасы болу бақыты бұйырды», – деді Ажар Ташқараева.
Оның айтуынша, үш сәбидің мінезі мен ерекшеліктері бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан ата-анасына оларды ажырату қиын емес.
Ерлі-зайыптылар мұнымен тоқтап қалуды жоспарламайтынын және болашақта тағы да балалы болғысы келетінін жасырмады.
Материал авторы