Жаңаөзенде мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы әшкереленді
Оқиға орнында бір ер адам ұсталып, тәркіленген отынның шығу тегін анықтау үшін қылмыстық іс қозғалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жаңаөзен қаласында мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына тосқауыл қойылды. Полиция қызметкерлері өнеркәсіптік аймақта орналасқан жеке база аумағынан жанармай тиелген ірі ыдысты тәркілеп, бір ер адамды ұстады.
Арнайы операцияны полицияның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы бөлімше жауынгерлерімен бірлесіп жүргізген.
Ұстау шарасы Рауан шағынауданының өнеркәсіптік аймағында өткен. Жеке нысан аумағында жүргізілген тінту кезінде тәртіп сақшылары мұнай өнімдері толтырылған төрт тонналық ыдысты анықтап, тәркіледі. Оқиға орнында бір ер адам ұсталған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полиция қызметкерлері тәркіленген мұнай өнімдерінің шығу тегін анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеріп жатыр.
Материал авторы