Ақтөбе облысындағы шахтада жұмысшы қаза тапты
Қайғылы оқиға 29 қазанда «Қазхром» компаниясының Дон кен-байыту комбинатына қарасты шахтада болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында Дон кен-байыту комбинатына қарасты шахтада жұмысшы қаза тапты. Қайғылы оқиға 29 қазанда «Қазхром» компаниясының құрамындағы Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтада болған.
Кәсіпорынның мәліметінше, кенші вагондарды тіркеу жұмыстарын орындау кезінде жарақат алған. Оны Хромтау орталық аудандық ауруханасына жеткізген. Алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, ер адамның өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
Компания марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оларға қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Оқиға туралы тиісті органдарға хабар берілген.
«Оқиғаны арнайы тексеру үшін Ақтөбе облысы бойынша Еңбек инспекциясы комитетінің департаменті өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылады», – делінген кәсіпорын хабарламасында.
Қазір қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Компания тергеу қорытындысы бойынша қосымша ақпарат беретінін хабарлады.
Материал авторы