«Әлі күнге дейін денем ауырады»: ӘділетМин қызметкері басшысын соққыға жықты деп айыптады
Әйелдің айтуынша, оқиға 19 қазанда Әділет министрлігінің ғимаратында болған, ал жанжалдан кейін оның мойны мен сол жақ білегі жарақаттанған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әділет министрлігінің қызметкері басшысымен болған жанжал кезінде соққыға жығылғанын мәлімдеп, әлеуметтік желіде жарақаттарының суреттерін жариялады. Әйелдің айтуынша, оқиға министрлік ғимаратының ішінде болған.
29 қазанда Threads әлеуметтік желісінде өзін Астана қаласының тұрғыны әрі Әділет министрлігінің қазіргі қызметкері ретінде таныстырған әйел жазба жариялаған. Ол тікелей басшысымен жұмыс барысында жанжал туындап, соңы күш қолдануға ұласқанын айтқан.
«19 қазан күні сағат 16:50 шамасында жұмыс орнымда, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ғимаратында маған тікелей басшым шабуыл жасады. Жұмыстағы келіспеушіліктер мен қызметкерге қатысты сын-ескертпелер еш жағдайда күш қолдануды ақтай алмайды. Алдағы 21 күн бойы қолым гипспен жүреді. Әлі күнге дейін денем ауырады. Түнде ұйықтай алмай жүрмін, болған жағдайды ауыр қабылдап жатырмын», – деп жазды ол.
Қызметкер өз сөзін растау үшін қолындағы жарақаттардың суреттері мен медициналық құжаттың фотосын жариялаған. Оның мәліметінше, оқиғадан кейін мойны мен сол жақ білегі жарақаттанған, білегінде де жаралар пайда болған.
Әйелдің айтуынша, оқиғадан кейін әріптестерінің оған деген қарым-қатынасы да өзгерген. Ол өз құқығын қорғауға тырысқаннан кейін жұмыс чатынан шығарылғанын және әріптестері онымен амандасуды қойғанын мәлімдеді.
«Мен әлі де Әділет министрлігінде жұмыс істеймін. Бірақ үндемей қалмай, өз құқығымды қорғауға тырысқаным үшін жұмыс чатынан шығарып тастады. Әріптестерім де амандасуды қойды. Неге бұлай болғанын түсінбеймін», – деп жазды қызметкер.
Ол полицияға да шағымданғанын айтты. Әйелдің сөзінше, оқиғадан кейін аудандық полиция бөліміне арыз бергенімен, өтініші белгіленген тәртіппен тіркелмеген. Сондай-ақ арыздың қабылданғанын растайтын талон 24 сағат ішінде берілмеген. Әзірге полиция бұл жағдайға қатысты ресми түсініктеме жариялаған жоқ.
Қызметкер өз жазбасында лауазымы жоғары немесе ықпалды таныстары бар адамдардың алдында қарапайым қызметкерлердің құқығы қорғалмай қала ма деген сауал көтерген.
«Егер сенің жоғары лауазымың, таныстарың немесе ықпалың болмаса, өз құқығың бұзылса да үндемей, әділетсіздікке көніп жүруің керек пе? Өз құқығыңды қорғау айып па? Менің бар тілегім – мені естісе екен. Әділдік саған зиян келтірген адамның лауазымы мен таныстарына тәуелді болмаса екен?» – деп жазды ол.
Кейінгі пікірлерінің бірінде әйел басшысын жаман адам деп санамайтынын, оның эмоциясын басқара алмаған болуы мүмкін екенін де айтқан.
Осы жағдайға байланысты Әділет министрлігі қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен тиісті шешім қабылданады», – делінген министрліктің жауабында.
Материал авторы