Ақмола облысында пойыз вагонына шыққан 15 жастағы жасөспірім токқа түсіп, жансақтау бөліміне жатқызылды
Дәрігерлер зардап шеккен жасөспірімнің денесінің 70 пайызы күйіп, электр жарақатын алғанын анықтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында 15 жастағы жасөспірім теміржол вагонына шығуға әрекеттеніп, токқа түскеннен кейін ауыр жарақат алды. Оның денесінің 70 пайызы күйіп қалған.
Оқиға 29 қазанда Шортанды ауданындағы теміржол станциясында болған. Әлеуметтік желілерде тараған алдын ала мәліметке сәйкес, екі жасөспірім теміржол жолдарының маңында серуендеп жүрген. Сол кезде олардың бірі вагонға шығып, электр тогына түскен.
Аталған дерек бойынша көліктегі полиция департаменті қылмыстық іс қозғады.
«Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады көліктегі полиция департаменті.
Оқиғадан кейін екінші жасөспірім үйіне өздігінен қайтқан. Ал зардап шеккен бала Шортанды аудандық ауруханасына жеткізілді.
Дәрігерлер оның денесінің 70 пайызы күйгенін, электр жарақатын алғанын және үшінші дәрежелі күйіктік шок болғанын анықтады.
Жасөспірім қарқынды терапия палатасына жатқызылған. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыруға күш салып жатыр. Оны басқа медициналық мекемеге жеткізу мәселесі емдеу барысындағы жағдайының өзгеруіне қарай шешіледі.
Көліктегі полиция департаменті теміржол вагондарының үстіне шығу қауіпті екенін ескертті. Тіпті пойыз тоқтап тұрған кезде де электр тогына түсу қаупі бар. Сондай-ақ пойыздың астынан өтуге тыйым салынған.
Материал авторы