Көкшетауда облыстық сот қызметкері өлі күйінде табылды
Ер адамның денесі тұрғын үйдің жертөлесінен табылған, полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда Ақмола облыстық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімінде жұмыс істеген ер адамның денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, құқық қорғау органдары оның өліміне қатысты суицид нұсқасын қарастырып отыр.
Ер адамның денесі тұрғын үйдің жертөлесінен табылған. Ақмола облысының Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады полиция департаменті.
Бұл – соңғы екі айда өңірдегі сот қызметкерлеріне қатысты тіркелген осындай екінші жағдай.
Қыркүйектің ортасында Көкшетауда қалалық сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысы Аян Дүйсеков қайтыс болған еді. Оның өлімінен кейін отбасы марқұмға жұмыс орнында моральдық және психологиялық қысым көрсетілген болуы мүмкін екенін мәлімдеп, лауазымды тұлғалардың әрекеттерін тексеруді талап еткен.
Материал авторы