Қостанай облысында бес жастағы баланы өлтірді деген күдікпен әкесі ұсталды
Соңғы жарты жылда бала әкесі мен өгей анасымен бірге тұрған, оған дейін Астанада әжесінің тәрбиесінде болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысының Құшмұрын ауылында бес жастағы баланың өліміне байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, қайғылы оқиғаға баланың туған әкесі қатысы болуы мүмкін. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бала ауыр жарақат алған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері оның қайтыс болғанын анықтаған.
Бастапқыда жазатайым оқиға болуы мүмкін деген болжам қарастырылған. Алайда баланы тексерген мамандар зорлық-зомбылық белгілері болуы ықтимал деген қорытындыға келген.
Қостанай облысы прокурорының көмекшісі Нұрсұлу Пряхинаның айтуынша, күдікті ұсталған. Оның әрекеті Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша сараланған. Сот күдіктіні қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берген.
Белгілі болғандай, бала соңғы алты айда туған әкесімен және өгей анасымен бірге тұрған. Отбасында басқа да балалар тәрбиеленеді. Бұған дейін бес жасар бала Астанада әжесінің қолында болған. Қолда бар ақпарат бойынша, әжесі немересін әкесіне бергісі келмеген. Ал баланың туған анасы бұған дейін ата-ана құқығынан айырылған.
Қостанай облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Несібелі Басенованың айтуынша, баланың қай жерде тұратынын әкесі өзі шешіп, ұлын өзімен бірге алып кеткен.
«Әкесі баланың тұрғылықты жерін өзі белгілеп, оны өзіне алып кетті. Отбасы көпбалалы, жалпы алғанда, жағдайы жақсы деп есептелді. Бұған дейін бұл отбасын арнайы тексеруге негіз болатын жағдайлар тіркелмеген. Дегенмен қазір біз барлық мән-жайды тексеріп жатырмыз», – деді Басенова.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу аясында баланың қандай жағдайда өмір сүргені және оның қауіпсіздігіне жауапты ересектердің әрекеттері де тексерілуде.
Материал авторы