Ақтөбеде есірткі сататын интернет-дүкенге 400 млн теңгеден астам ақша аударылған
Ақша қабылдау үшін өзге адамдардың атына 22 банк картасы пайдаланылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе облысында есірткі сататын интернет-дүкеннің мүддесіне жұмыс істеген ақша аудару схемасы әшкереленді. Тергеу мәліметінше, күдіктілердің есепшоттары арқылы 918 мың USDT-дан астам, яғни 400 млн теңгеден көп қаржы өткен. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу нұсқасы бойынша, схеманы Ақтөбе қаласының тұрғыны ұйымдастырған. Ол әлеуметтік желілерде ақша айырбастау тобын құрып, жұмысқа тағы жеті адамды тартқан. Топ мүшелері міндеттерін бөлісіп алып, төлемдерді күндіз-түні, ауысыммен өңдеген.
Есірткі сататын интернет-дүкеннің клиенттеріне тапсырыс ақысын төлеу үшін осы топқа жүгіну ұсынылған. Ақша түскеннен кейін сатып алушыларға есірткі жасырылған орындардың координаттары жіберілген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, топ арқылы күн сайын 50–70 төлем операциясы жүргізілген. Қаражат қабылдау үшін басқа адамдардың атына рәсімделген 22 банк картасы пайдаланылған. Мұндай карталардың иелері дропперлер деп аталады.
Агенттік мәліметінше, түскен ақша кейін криптовалютаға айырбасталып, есірткі саудасын ұйымдастырушылардың бақылауындағы криптоәмияндарға аударылған.
Аударымдардың жалпы көлемі 918 мың USDT-дан асқан. Бұл сома 400 млн теңгеден көп қаржыға тең.
Схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам қамауға алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Материал авторы