Алматыда Хэллоуин кезінде жаппай ұстау болды: Полиция түсініктеме берді
Алматыдағы Арбатта Хэллоуиннен кейін полиция бөлімшесіне жиналғандар көбейген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда Хэллоуин мерекесі кезінде Арбатта полиция жаппай ұстау жүргізді деген ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Қалалық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме беріп, сол түні жаяу жүргіншілер аймағында заңды өкілінсіз жүрген 28 жасөспірім анықталғанын хабарлады.
Оқиға орнынан түсірілген кадрлар Egov.press Telegram-арнасында жарияланған. Жазбада Арбатта жастардың мерекелік киіммен жүргені, кейін Жібек жолы көшесіндегі полиция пунктінің маңына көп адам жиналғаны көрсетілген.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Алмалы аудандық полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық іс-шаралар өткізген.
Ведомство өкілдері полицияның мерекелік шараларға, қала тұрғындарының жаппай демалысы мен бос уақытын өткізуіне кедергі келтірмейтінін атап өтті. Сонымен бірге құқық қорғау органдарының негізгі міндеті – қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтар мен ықтимал оқиғалардың алдын алу.
Рейд барысында кәмелетке толмағандарға ерекше назар аударылған. Полицияның хабарлауынша, Арбат аумағында түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 28 жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік материалдар жиналған.
Полиция Қазақстан заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандардың сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз тұрғын үйден тыс жерде жүруіне тыйым салынғанын еске салды.
Ведомство ата-аналарды балаларының бос уақытын ұйымдастыруға жауапкершілікпен қарап, әсіресе кешкі және түнгі уақытта олардың қайда жүргенін және кіммен араласатынын бақылауға шақырды.
Материал авторы