1200

«Ұлымнан айырылып қаламын ба деп қорықтым»: Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған әке оқиғаны түсіндірді

Әке алғашқы талдауда лейкоциттер деңгейі жоғары болғанын, ал келесі күні балаға ота жасалғанын мәлімдеді.

«Ұлымнан айырылып қаламын ба деп қорықтым»: Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған әке оқиғаны түсіндірді
Lada.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда облыстық балалар ауруханасының дәрігеріне шабуыл жасаған баланың әкесі оқиғаның өз нұсқасын баяндады. Ер адамның айтуынша, ол ұлының денсаулығына алаңдап, баласынан айырылып қалудан қорыққан. Бұл туралы Lada.kz басылымы жазды.

Әкенің сөзінше, 19 қазанда ұлының жағдайы нашарлап, іші қатты ауырған және дене қызуы 39 градусқа дейін көтерілген. Жедел жәрдем баланы аппендицит болуы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жеткізген.

Ер адам қабылдау бөлімінде баласын тексерту үшін ұзақ күтуге тура келгенін айтады. Оның мәлімдеуінше, алғашқы талдау нәтижесінде қандағы лейкоциттер деңгейі 21,5–22 шамасында болған. Соған қарамастан, кешке қарай оларға үйге қайту ұсынылған.

Әкесі бұл шешіммен келіспей, сағат 23:00 шамасында талдауды қайта тапсыруды талап еткен. Оның айтуынша, екінші тексеруде де лейкоциттер деңгейі жоғары болып, шамамен 21-ді көрсеткен. Осыдан кейін бала ауруханада бақылауда қалған.

Келесі күні басқа хирург баланы қарап, ота жасауға жіберген. Әкенің сөзінше, операция сәтті өткен.

31 қазанда баланың іші қайта ауырған соң, әкесі оны облыстық балалар ауруханасына тағы апарған. Сол жерде ол бұған дейін де келіспеушілік болған хирургпен қайта кездескен.

Ер адамның айтуынша, дәрігер оны мысқылдай қарсы алып, баланы тексеруден бас тартуы мүмкін екенін аңғартқандай көрінген. Әкесі өзін ұстап қалуға тырысқанымен, ақырында екеуінің арасында жанжал туындаған.

Бұған дейін облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде баланың әкесі дәрігерге тап беріп, оны мойнынан ұстағаны хабарланған еді.

Медициналық мекеме өкілдерінің мәліметінше, балалар хирургі баланы қажетті тексерулерден өткізіп, қарау нәтижесін әкесіне сабырмен түсіндірген. Ауруханаға жатқызуға медициналық көрсетілім болмағаны айтылған. Осыдан кейін ер адам күтпеген жерден дәрігерге шабуыл жасаған.

Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор