1395

Петропавлда автобуста әйелге тиіскен шетелдік Қазақстаннан шығарылған

Сот шетелдік азаматты Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару туралы көші-қон қызметінің өтінішін қанағаттандырды.

Петропавлда автобуста әйелге тиіскен шетелдік Қазақстаннан шығарылған
instagram.com/sqo_pd

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлда қоғамдық көлікте жолаушы әйелге орынсыз әрекет жасаған Қырғызстан азаматы Қазақстаннан мәжбүрлі түрде шығарылды. Сот оған 15 тәулік әкімшілік қамақ жазасын тағайындап, ел аумағына бес жыл бойы кіруге тыйым салды. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция мәліметінше, 34 жастағы шетелдік №4А бағытындағы автобуста келе жатып, 41 жастағы әйел жолаушыға тиіскен. Атап айтқанда, ер адам әйелдің белден төменгі тұсына қол тигізген. Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап, Петропавл тұрғындарының назарын аударған.

Сот ер адамды ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарған.

Алайда іс мұнымен аяқталған жоқ. Көші-қон қызметінің өкілдері шетелдік азаматты Қазақстан аумағынан шығару туралы өтінішпен Петропавл қаласының №2 сотына жүгінген.

Сот өтінішті қанағаттандырды. Енді Қырғызстан азаматына Қазақстанға бес жыл бойы кіруге тыйым салынды 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор