Мөлдір Мұқанова ай сайын несиеге 8 миллион теңге төлейтінін айтты
Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы 11 миллион теңгелік әшекейін бөліп төлеуге алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы, продюсер әрі әнші Мөлдір Мұқанова ай сайын несие төлеміне 8 миллион теңге жұмсайтынын айтты. Сондай-ақ ол құны 11 миллион теңге тұратын алқаны өзіне сыйға алып, бөліп төлеуге рәсімдегенін жеткізді.
Жақында берген сұхбаты кезінде жүргізушінің назары қазақстандық өнер иесінің мойнындағы әшекейге ауған. Ол алқаның бағасын сұрағанда, Мөлдір Мұқанова еш бүкпесіз құнын айтқан.
«Бағасы – 11 миллион теңге. Оны өзіме сыйға алдым. Бұл – менің алғашқы бриллианттарым», – деді продюсер.
Сондай-ақ ол алқаны бөліп төлеу арқылы сатып алғанын күлкімен жеткізді. Мұны естіген жүргізуші өнер иесінен бөліп төлеу міндеттемесі бар-жоғын таңдана сұраған.
Мөлдір Мұқанова бұл жағдайдан қысылмайтынын айтып, ай сайынғы несие төлемінің көлемін де жасырмады.
«Иә, мен ай сайын несиеге 8 миллион төлеймін. Мұнда тұрған ештеңе жоқ, оны мүлде жасырмаймын. Сондықтан уайымдамаңыздар, әр қазақтың мойнында бір несиесі бар ғой», – деп әзілдеді продюсер.
Еске салайық, бұған дейін Тұрсынбек Қабатовтың бұрынғы жұбайы қыздарымен бірге билеген видеосы үшін әлеуметтік желіде сынға қалған еді.
Материал авторы