974

СҚО-да жеке үйдің қорасынан 17 жастағы студенттің мәйіті табылды

Марқұм қыз Көкшетаудағы педагогикалық колледжде білім алған, ал демалыс күндері анасы мен інісіне барған.

СҚО-да жеке үйдің қорасынан 17 жастағы студенттің мәйіті табылды
wikipedia.org

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Петровка ауылында 17 жастағы педагогикалық колледж студентінің өліміне байланысты тергеу басталды. Кәмелетке толмаған қыздың денесі 1 қараша күні кешке жеке үйдің шаруашылық құрылысы маңынан табылған. Бұл туралы Qazaqstan Media басылымы хабарлады.

Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылғанымен, медицина қызметкерлері келген кезде қыздың өмір белгілері болмаған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның өліміне механикалық асфиксия себеп болған. Сондай-ақ марқұмның ешқандай жазба қалдырмағаны хабарланды.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

«Тергеу аясында болған жағдайдың барлық мән-жайы, сондай-ақ қайғылы оқиғаға әкелуі мүмкін себептер мен жағдайлар анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады ведомство.

Белгілі болғандай, қыз биыл 1 тамызда 17 жасқа толған. Ол Көкшетау қаласындағы педагогикалық колледжде оқыған. Петровка ауылына анасымен және бірге тұратын інісінің халін білу үшін барған.  

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор