Польша Ресейдің Калининград облысымен шекаралас аймақтарда арнайы операция бастады
Билік шекара маңындағы тұрғындар мен мемлекеттік нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздеп отыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Польша билігі Ресейдің Калининград облысымен шектесетін аумақтарда арнайы операция жүргізуге кірісті. Елдің құқық қорғау органдары мұндай шешімді шекарада болуы мүмкін диверсиялық әрекеттер туралы барлау қызметтерінен ескерту алғаннан кейін қабылдаған.
Арнайы операцияның басталғанын Польша полициясының бас коменданты Марек Боронь мәлімдеген. Оның айтуынша, Польша әскери барлау қызметі мен одақтас мемлекеттердің арнайы қызметтері Ресеймен шекара маңында диверсиялық әрекеттер болуы мүмкін екенін ескерткен.
Басылым мәліметінше, әңгіме қарулы топтардың шекарадан өтуге ықтимал талпыныстары туралы болып отыр.
«Бұл еліміздегі қазіргі жағдаймен – диверсиялармен, саботажбен және шығыстағы арнайы қызметтердің гибридті қылмыстық әрекеттерінің түрлі формаларымен тікелей байланысты», – деген Боронь.
Операция Польшаның солтүстік-шығысындағы воеводстволарда жүргізіліп жатыр. Оған полиция, армия, шекара қызметі, арнайы қызметтер мен терроризмге қарсы бөлімшелер тартылған.
Күш құрылымдарының жұмысын үйлестіру үшін Полицияның бас басқармасында арнайы штаб құрылған. Сонымен қатар бірнеше воеводстводан қосымша полиция жасақтары шекаралас аудандарға жіберілген.
Марек Боронь қабылданып жатқан шаралардың алдын алу сипатында екенін атап өтті. Оның сөзінше, негізгі мақсат – шекара маңындағы тұрғындардың, мемлекеттік мекемелер мен ықтимал нысанаға айналуы мүмкін басқа да объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Бұл, соның ішінде, шетелдік арнайы қызметтерден алып отырған ақпаратқа байланысты. Біздің міндетіміз – сол аумақта тұратын азаматтар мен мекемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамды кез келген ықтимал қауіптен қорғау», – деді Польша полициясының басшысы.
Сонымен бірге Боронь қосымша күштердің шекара маңына жіберілуі Польша Конституциялық трибуналы төңірегіндегі саяси дағдарыспен байланысты деген болжамды жоққа шығарды.
Польшадағы саяси жағдай
Қазан айының соңында Польшада мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болғаны туралы мәлімдемелер тараған. Сол кезде бір топ адам Варшавадағы Конституциялық сот ғимаратына басып кіруге тырысқан.
Кейін Польша президенті Кароль Навроцкий Варшавада түн ішінде елдің жоғары сот органдарының бірі – Конституциялық трибуналды күшпен басып алу оқиғасы болғанын мәлімдеді.
Ал Польша премьер-министрі Дональд Туск Конституциялық сот маңындағы митингке қатысты пікір білдіріп, болған жағдайға президент Кароль Навроцкийді жауапты деп санаған.
Материал авторы