Перизат Қайрат түрмеде еден жуушы болып жұмыс істеп жүр
Перизат Қайраттың темір тордағы анасы Ғайни Алашбаева әзірге жұмысқа орналастырылмаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қайырымдылыққа жиналған қаражатты жымқырғаны үшін 10 жылға сотталған Перизат Қайрат жазасын өтеп жатқан мекемеде еден жуушы болып жұмыс істейді. Ал оның анасы Ғайни Алашбаева әзірге жұмысқа орналастырылмаған. Бұл туралы 31-арнаның «Информбюро» бағдарламасы хабарлады.
Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Перизат Қайрат сот үкіміне сәйкес жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп жатыр. Қазір ол сол жерде еден жуушы міндетін атқарады.
Алайда құзырлы орган сотталған әйелдің еңбекақысы мен жұмыс кестесі туралы ақпарат беруден бас тартқан. Комитет өкілдері сотталғандардың жазасын қай мекемеде өтеп жатқаны туралы мәлімет олардың жақын туыстарына хабарланатынын жеткізді.
Еске салайық, Biz Birgemiz Qazaqstan қорының бұрынғы басшысы Перизат Қайрат 2024 жылдың қарашасында 1,5 миллиард теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікпен қамауға алынған. Бұл ақша су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жиналған еді.
Тергеу нұсқасына сәйкес, ол қаражаттың бір бөлігін элиталық жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуға, сондай-ақ туристік сапарларға жұмсаған. Тергеу деректерінде ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін достары мен туыстарын тартып, олардың көмегі үшін сыйақы төлегені де айтылған.
Перизат Қайрат өз кінәсін мойындамаған. Ол тағылған айыптарды «прокурорлардың қиялы» деп атап, қордың құрылтайшыларын жауап алуға шақыруды талап еткен.
Сот үкімімен Перизат Қайрат 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға сотталды.
Материал авторы