Қостанайда 86 жастағы зейнеткерді өлтіріп кетті
Құқық қорғау органдары қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамның кім екенін анықтап, оны ұстауға күш салып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанайда 86 жастағы ер адамның өліміне байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Зейнеткер тұрғын үйдің ауласында серуендеп жүрген жерінде шабуылға ұшыраған. Полиция қылмысқа қатысы болуы мүмкін адамның жеке басын анықтап, оны іздестіріп жатыр. Бұл туралы ТоболИнфо жазды.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, қайғылы оқиға 30 қазанда Қостанайдағы Құбеев көшесінде болған. 1940 жылы туған зейнеткер үйінің ауласына серуендеуге шыққан кезде оған белгісіз адамдар шабуыл жасаған. Кейін шабуыл жасағандар оқиға орнынан ізін суытқан.
Қостанай облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі 86 жастағы ер адамның мәйіті табылғанын растады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, дәлелдерді жинап, бекітуге, сондай-ақ қылмысқа қатысы бар адамның жеке басын анықтап, оны ұстауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеуге қажетті күштер мен ресурстар жұмылдырылды», – деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерде тараған тағы бір адамға шабуыл жасалғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды. Полиция тұрғындарды тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.
Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында. Күдіктіні анықтау және ұстау жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр.
Материал авторы