1255

«1,5 литрге жуық қан жоғалтқан»: БҚО-да ер адамды полицейлер құтқарып қалды

Қаратөбе ауданының тұрғыны құдыққа құлап, кеуде тұсынан жарақат алған.

«1,5 литрге жуық қан жоғалтқан»: БҚО-да ер адамды полицейлер құтқарып қалды
БҚО ПД

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында ер адам құдыққа құлап, сынған шыны бөтелкенің мойнына жарақаттанған. Оны жол бойында патрульдік полиция қызметкерлері кездестіріп, шұғыл түрде ауруханаға жеткізген. Бұл туралы ҚР ІІМ-нің Telegram-арнасы хабарлады.

Оқиға Подстепное – Илек автожолында болған. Патрульдеу кезінде БҚО полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны қызметкерлеріне көлік жүргізушісі көмек сұрап жүгінген. Ол көлігінің ішінде медициналық жәрдемге мұқтаж жаралы адам бар екенін айтқан.

Белгілі болғандай, Қаратөбе ауданының тұрғыны құдыққа құлап, кеуде тұсынан ауыр жарақат алған. Сынған шыны бөтелкенің мойны денесіне кіріп, шыны сынықтары тері астына өткен.

Полиция мәліметінше, зардап шеккен азамат шамамен 1–1,5 литр қан жоғалтқанын айтқан. Сондай-ақ басы айналып, қатты әлсірегенін жеткізген.

Жағдайдың ауыр екенін және әр минуттың маңызды екенін түсінген патрульдік полиция инспекторлары Ринат Бигалиев пен Айбар Рашидов ер адамды дереу қызметтік көлікке отырғызып, қалалық көпбейінді ауруханаға қарай жолға шыққан.

Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында зардап шеккен азамат медициналық мекемеге уақытылы жеткізілген. Дәрігерлер оны бірден операция бөліміне жіберген.

Қазір ер адамның жағдайы тұрақты. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Материал авторы