Көлігі қар мен мұзға көмілген жүргізушілерге айыппұл салынуы мүмкін
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабында екі жағдай үшін де 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда мемлекеттік нөмірі қар немесе мұз астында қалып, оқылмайтын көлік жүргізгендерге айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ алдыңғы әйнегі мұздап, жолды көруге кедергі келтіретін көлікпен жүру де әкімшілік жауапкершілікке әкелуі ықтимал. Бұл туралы Қостанай облысы полиция департаменті түсіндірді.
Қостанай облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полковник Аслан Балғабаевтың айтуынша, қыс мезгілінде жүргізушілер көліктің жағдайына, мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің анық көрінуіне және жолды жеткілікті деңгейде шолуға ерекше мән беруі керек.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 1-бөлігіне сәйкес, мемлекеттік тіркеу нөмірі оқылмайтын көлікті басқарғаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл сома 21 625 теңгеге тең.
Яғни көліктің нөмірін қар, мұз немесе кір басып, ондағы таңбаларды анық ажырату мүмкін болмаса, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Алдыңғы әйнектегі мұз үшін де айыппұл қарастырылған.
Жолға шығар алдында жүргізуші көліктің қауіпсіз пайдалануға дайын екеніне және жолды жеткілікті деңгейде көре алатынына көз жеткізуге міндетті.
Егер алдыңғы әйнекке қатқан мұз немесе жиналған қар жолдың көрінуін едәуір шектесе, мұндай көлікті басқару Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 5-бөлігі бойынша жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Бұл жағдайда да айыппұл көлемі – 5 АЕК немесе 21 625 теңге.
Полиция департаменті жүргізушілерге сапар алдында көлік әйнектері мен мемлекеттік нөмірлерді қар мен көк мұздан тазартуды ескертті. Бұл айыппұлдан сақтануға ғана емес, жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де көмектеседі.
Материал авторы