1470

Әнші Мирас пен Құралай төрт қабатты зәулім үйін 290 миллион теңгеге сатылымға шығарды

Төрт қабатты зәулім үйде бильярд бөлмесі, жаттығу залы, бірнеше жатын бөлме және үлкен аквариум бар.

Әнші Мирас пен Құралай төрт қабатты зәулім үйін 290 миллион теңгеге сатылымға шығарды
instagram.com/miras_kuralay_official

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, танымал әншілер Мирас Бекжанов пен Құралай Нұрқаділова тау бөктерінде орналасқан төрт қабатты зәулім үйін сатылымға қойды. Аумағы 900 шаршы метр болатын баспананың бағасы – 290 миллион теңге.

Өнерлі жұп жаңалықты әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Мирас Бекжановтың айтуынша, отбасы осы үйге қоныстанғаннан бері шаңырақта қуанышты оқиғалар көбейіп, шығармашылық жұмыстары да сәтті жалғасқан.

«Құралай, мен бұл үйге ризамын. Құдайға шүкір, осы үйге көшіп келгеннен бері той да той. Тойымыз тойға ұласып жатыр. Концерттерімізді де өткізіп жүрміз. Қаншама қонақтарымыз бен құдаларымызды күтіп алдық. Бұл – төрт қабатты, аумағы 900 шаршы метрлік еңселі шаңырақ», – деді әнші.

Айта кетейік, Мирас пен Құралай 2023 жылы «Жұлдызды шаңырақта» бағдарламасында осы баспанасын алғаш рет көпшілікке көрсеткен. Сол кезде олар үйді дайын күйінде сатып алып, кейін өз талғамдарына сай жөндеу жұмыстарын жүргізгенін айтқан.

Әншілердің сөзінше, үй тау бөктерінде орналасқандықтан, ауасы таза әрі айналасы көрікті. Төрт қабатты ғимараттың жертөлесі мен шатырлы қабаты да бар.

«Дайын үйді алдық. Үйдің бұрынғы иелері бізге салып бергендей болды. Үйдің еңсесі биік. Тау баурайында орналасқан. Ауасы керемет. Үйді жинау жағын ойламаппыз. Құралай “Өте үлкен үй алып қойған сияқтымыз” дейді. Көмекшілеріміз бар», – деген еді өнерлі жұп.

Зәулім баспанада бильярд бөлмесі, жаттығу залы, киім бөлмесі, бірнеше жатын бөлме және үлкен аквариум бар. Ал жертөледе қонақ күтуге арналған арнайы асүй жабдықталған. Әншілердің айтуынша, көпшілік жиналған кезде бауырсақ пісіріп, ет асып, дастарқан әзірлеу үшін осы бөлмені пайдаланады.

Баспанаға қоныстанғаннан кейін ерлі-зайыптылар түсқағаздарын жаңартып, интерьеріне де бірқатар өзгеріс енгізген.

Отбасының талай қуанышты сәтіне куә болған төрт қабатты үй енді жаңа иесін күтеді.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор