Семейде жоғалып кеткен 15 жастағы жасөспірім Павлодардан табылды
Полиция жасөспірімді үш күндік іздестіруден кейін Павлодардағы әжесінің үйінен тапқан.
Семейде үш күн бойы іздестірілген 15 жастағы жасөспірім Павлодар қаласындағы әжесінің үйінен табылды. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, жасөспірім 3 қараша күні сағат 15:00 шамасында табылған.
Баланың жоғалғаны туралы хабар түскен бойда Абай облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері іздестіру жұмыстарына кіріскен. Олар жасөспірім болуы мүмкін орындарды тексеріп, оның араласатын адамдарын және жақын туыстарының мекенжайларын анықтаған.
Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім анасына ескертпестен таксимен Павлодар қаласына өз бетінше кеткен.
Жақын арада бала отбасына қайтарылады. Қазір оның үйден кету себептері мен оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Полицияның хабарлауынша, жасөспірім бұған дейін де үйінен өз еркімен кетіп қалған. Осыған байланысты оның жағдайы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қайта қаралады.
«Мамандар баланың тұрмыс жағдайын, отбасындағы қарым-қатынасты бағалап, оған және ата-анасына қандай көмек қажет екенін анықтайды. Негіз болған жағдайда заңды өкілдерін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады», – деп мәлімдеді Абай облыстық полиция департаменті.
Материал авторы