966

Тұман, аяз және көктайғақ: 4 қарашада елдің басым бөлігінде ауа райы қолайсыз болады

Қазақстанның 17 өңірінде дауылды ескерту жарияланды.

Тұман, аяз және көктайғақ: 4 қарашада елдің басым бөлігінде ауа райы қолайсыз болады
pexels.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 4 қарашада Қазақстанның 17 облысында қолайсыз ауа райы болжанып отыр. Синоптиктер қар, көктайғақ, тұман, қатты жаңбыр, үсік пен екпінді жел туралы ескертті. Сонымен қатар бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады. 

Тұман мен көктайғақ күтілетін өңірлер

Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында түнде әрі таңертең тұман түседі.

Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде, сондай-ақ Петропавл қаласында түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.

Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман болады. Өңірдің оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Павлодар облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында тұман түседі. Павлодар қаласында да осындай метеорологиялық құбылыс болжанып отыр.

Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде және шығысында түнде әрі таңертең тұман болады. Өңірдің батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қарағанды қаласында да тұман күтіледі.

Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде және таңертең тұман түседі. Облыстың батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі жарияланған. Жезқазғанда да түнгі және таңғы уақытта тұман түсіп, төтенше өрт қаупі сақталады.

Шығыс Қазақстан облысының шығысы мен таулы аудандарында түнде қар жауып, көктайғақ болады. Облыстың солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде әрі таңертең тұман күтіледі.

Абай облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында түнде және таңертең тұман түседі.

Үсік пен екпінді жел болатын аймақтар

Алматы облысының шығысы мен таулы аудандарында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде облыстың солтүстігінде 4 градус үсік жүреді. Өңірдің басым бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Алматы мен Қонаев қалаларында да өрт қаупінің деңгейі жоғары. Іле Алатауының таулы аймақтарында, соның ішінде Алматының Медеу және Бостандық аудандарында солтүстік-шығыс желі соғып, екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.

Жетісу облысында Алакөл көлдері маңында солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Түнде өңірде 2–7 градус үсік болады. Талдықорғанда ауа температурасы 4–6 градусқа дейін төмендейді.

Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман түседі. Солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы таулы аймақтарда секундына 15–20 метрге жетеді. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, батысы мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Тараз қаласында да өрт қаупі жоғары.

Түркістан облысының таулы аудандарында күндіз кей уақытта қатты жаңбыр жауады. Түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз таулы аймақтарда оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді.

Қызылорда облысының солтүстігінде түнде 2 градус үсік жүреді. Өңірде және Қызылорда қаласында төтенше өрт қаупі сақталады. Облыстың солтүстігінде өрт қаупінің деңгейі жоғары.

Өрт қаупі жоғары өңірлер

Ақтөбе облысының шығысында, батысында, оңтүстігінде және орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Атырау облысы мен Атырау қаласында да төтенше өрт қаупі жарияланған.

Маңғыстау облысының батысында күндіз оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15–20 метрге жетеді. Өңірде жоғары өрт қаупі сақталса, орталық бөлігінде оның деңгейі төтенше санатқа жетеді. Ақтау қаласында жоғары өрт қаупі бар.

Батыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Өңірдің солтүстік-батысында, батысында, оңтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Орал қаласында да түнде және таңертең тұман күтіледі. 

Материал авторы