Астананың орталығында 16 қабатты тұрғын үйден өрт шықты
Төтенше жағдайлар қызметіне өрт туралы хабарлама сағат 23:32-де түскен.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 3 қарашаға қараған түні Астананың Алматы ауданындағы Тәуелсіздік даңғылында орналасқан 16 қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінен өрт шықты. Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, алайда жалын пәтерге айтарлықтай зиян келтірген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасы хабарлады.
Өрт ғимараттың жетінші қабатында болған. 112 кезекші пультіне хабарлама сағат 23:32-де түскен. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде тұрғын үйді қою түтін басып тұрған. Құтқарушылар бірден жалынды ауыздықтауға кіріскен.
Өрт толық сөндірілді. Оны сөндіруге Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 24 адам және жеті арнайы техника жұмылдырылған.
Ведомство мәліметінше, оқиғадан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Жарияланған бейнежазбадан өрт болған пәтердің оттан қатты зақымданғанын көруге болады.
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт шыққан жағдайда дереу 112 нөміріне хабарласу қажеттігін еске салды.
Материал авторы