Атырау облысында әлеуметтік желідегі тікелей эфирден кейін екі әйелді полиция әкетті
Әлеуметтік желідегі тікелей эфир дауға ұласты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау облысында әлеуметтік желіде тікелей эфир жүргізу кезінде құқыққа қайшы әрекеттерге барған 38 және 39 жастағы екі әйелдің жеке басы анықталды. Оларға қатысты үш әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Полиция мәліметінше, екі әйел де басқармаға жеткізілген. Оларға қатысты ұсақ бұзақылық жасау, құқыққа қайшы контент тарату және бетті тануға кедергі келтіретін киім кию деректері бойынша әкімшілік істер тіркелген.
Жинақталған материалдар соттың қарауына жіберілді.
Сонымен қатар әйелдермен теологтың қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілген. Кездесу барысында оларға заң талаптары, қоғамдық тәртіп нормалары және мұндай құқық бұзушылықтарға жол бермеу қажеттігі түсіндірілді.
Полиция департаменті әлеуметтік желілерде жарияланатын контент пен тікелей эфирлер пайдаланушыларды заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын еске салды. Ведомствоның мәлімдеуінше, интернет кеңістігінде жасалған құқық бұзушылықтарға да заң аясында баға беріледі.
Материал авторы