936

«Орындықпен ұрған»: Астаналық әйел ұлының балабақшада жарақат алғанын айтты

Оқиғадан кейін балабақшаға бармаған баланың анасы қазан айына төлеген 80 мың теңгесін қайтаруды талап етіп отыр.

«Орындықпен ұрған»: Астаналық әйел ұлының балабақшада жарақат алғанын айтты
Halyqstan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы жекеменшік балабақшалардың бірінде бала ауыр жиһаздан жарақат алған. Анасының айтуынша, топтағы өзге тәрбиеленуші ұлына орындықпен бірнеше рет соққы жасаған, ал оқиға кезінде бөлмеде тәрбиеші де, басқа қызметкерлер де болмаған. Балабақша әкімшілігі болған жағдайды кездейсоқ оқиға деп түсіндіргенімен, бейнебақылау жазбасын көрген ана баласын мекемеден алып кетіп, полицияға жүгінген. Бұл туралы Halyqstan Telegram-арнасы жазды.

Оқиға 15 қазанда «София 3» жекеменшік балабақшасында болған. Зардап шеккен баланың анасы топтағы басқа тәрбиеленуші салмағы шамамен 2–3 келі болатын орындықпен ұлына бірнеше рет соққы жасағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, сол уақытта бөлмеде ересектер болмаған.

Анасы баласын балабақшадан алып кетуге келгенде, мекеме қызметкерлері жағдайды жұмсартып көрсетуге тырысқан. Олар балалар орындыққа таласып, жиһаздың қолдарынан кездейсоқ шығып кеткенін айтқан. Алайда бейнебақылау камераларындағы жазбаны көргеннен кейін әйел бұл түсіндірмеге күмән келтіріп, ұлын балабақшаға қайта апармауға шешім қабылдаған.

«Біз балабақшаға ең қымбат дүниемізді – балаларымызды сеніп тапсырамыз. Ең болмаса олардың қауіпсіздігіне кепілдік беріледі деп күтуге құқылымыз!» – деді баланың анасы.

Ол оқиғадан кейін балабақшаға бармаған баласының қазан айындағы оқуына төлеген 80 мың теңгені қайтаруды талап еткен. Алайда анасының айтуынша, мекеме басшылығы осы уақытқа дейін ақшаны қайтармаған.

Әйелді алаңдатып отырған тағы бір мәселе – бейнебақылау жазбасының сақталу мерзімі. Оның сөзінше, камерадағы материалдар бір ай бойы ғана сақталады. Оқиғадан бері үш аптаға жуық уақыт өткендіктен, жазбаның автоматты түрде өшіп қалу қаупі бар.

«Жазбалар бір ай сақталады. Үш аптаға жуық уақыт өтіп кетті. Жуырда бейнежазба автоматты түрде өшірілуі мүмкін. Ал содан кейін менде бұл оқиғаны дәлелдейтін материал қалмайды», – деп алаңдаушылық білдірді ол.

Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Қазір полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. 

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор